Қазақстанда коммерциялық жылжымайтын мүлікке сұраныс артады - талдамалық шолу
Қазақстанда сауда-ойын-сауық орталықтары, кеңселер мен қоймалар сияқты санаттардағы коммерциялық жылжымайтын мүлікке сұраныс айтарлықтай өсетін болады. Мұндай қорытындыны «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) әкімшілігінің сарапшылары Қазақстандағы коммерциялық жылжымайтын мүлік нарығына және REIT нарығының перспективаларына жасаған талдамалық шолуда ұсынды.
Коммерциялық жылжымайтын мүлік инвестициялауға ең тартымды секторлардың бірі саналады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстандағы жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялардың негізгі капиталына салынған инвестициялар соңғы онжылдықта тұрақты өсім көрсетіп, 2023 жылы 3,2 трлн теңгеге ($7,1 млрд) жеткен, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 4,1 есе көп.
Statista мәліметтері бойынша, Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығы 2023 жылы $0,89 трлн (406,1 трлн теңге) бағаланды. Жылжымайтын мүлік нарығы 2024 жылға қарай $0,98 трлн (450,8 трлн теңге) дейін өседі, ал 2028 жылға қарай орташа жылдық өсу қарқыны 6,7% болғанда $1,27 трлн (584,2 трлн теңге) жетеді деп болжануда.
2023 жылы Қазақстанда жылжымайтын мүлік нарығының ЖІӨ-ге қатынасы 3,44 құрады, ал АҚШ-та бұл көрсеткіш – 4,15, Канадада – 3,69, ал Қытайда – 7,43 болды.
Кеңсе орынжайлары
Алматы мен Астанадағы кеңселік жылжымайтын мүлік нарығы ұсыныс көлеміне және жалдау мөлшерлемелеріне әсер ететін елеулі өзгерістерге ұшырады. 2023 жылы Қазақстанда сомасы 135 млрд теңгеге ($296 млн) 595 590 м2 кеңсе алаңы пайдалануға берілді, бұл ретте Астана мен Алматы көш бастап тұр, бұл қалалар орынжайлардың аудандары бойынша да, құны бойынша да тұрақты өсімді көрсетуде.
Сауда ойын-сауық орталықтары
2023 жылы Қазақстанда соңғы тоғыз жылдағы сауда-ойын-сауық орталықтарын аудандары бойынша да, құны бойынша да пайдалануға беру шыңы орын алды. Жалпы ауданы 174 001 м2 болатын 28 сауда орталығы пайдалануға берілді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 60%-ға жуық өсімді құрайды. Соңғы бес жылда ауданы бойынша пайдалануға берілген сауда орталықтарының көпшілігі Алматыға тиесілі болды, онда 2023 жылы 105 562 м2 аудан пайдалануға берілді.
Қойма орынжайлары
Қазақстандағы қоймалық жылжымайтын мүлік нарығы ұлғайып келе жатқан сұраныс аясында А және В класты орынжайлардыңтапшылығына ұшырауда. Пайдалануға берілген көтерме және көтерме емес қоймалар мен көлік-логистикалық орталықтардың жалпы ауданы 2022 жылы шыңына жетіп, 256 010 м2 құрады. Инвестициялар көлемі бойынша 2023 жылы пайдалануға берілген объектілер ең жоғары жалпы құнға ие – 46,5 млрд теңге ($102 млн). Көлік-логистикалық орталықтары ауданы бойынша салыстырмалы түрде шағын болғанымен, 2023 жылы олардың үлесіне жалпы құнының 30%-дан астамы тиесілі болды.
Жылжымайтын мүлік нарығындағы АХҚО
АХҚО өсімге ықпал ете отырып және жылжымайтын мүліктің инвестициялық қорының белсенді нарығына (REIT) халықаралық инвесторларды тарта отырып, Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығына инвестицияларды ілгерілету және оның инвестициялық ортасын жетілдіру ісінде маңызды рөл атқарады. АХҚО кіріс әкелетін жылжымайтын мүлікке иелік ететін және басқаратын жылжымайтын мүлік инвестициялық қорын (REIT) құруға мүмкіндік береді.
2024 жылғы тамыздағы жағдай бойынша АХҚО-да жылжымайтын мүлік секторында жұмыс істейтін 37 компания және 4 REIT қоры тіркелген.
Тақырып бойынша оқыңыз: REIT деген не?