Соңғы екі жылда Қазақстанда криптовалюта айналымына қатысты 1000-нан астам қылмыстық іс қозғалған.
Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қылмыстардың 60 пайызы алаяқтық фактілеріне, 25 пайызы криптовалюта айырбастау пункттерінің заңсыз қызметіне, ал 15 пайызы цифрлық активтер арқылы қылмыстық табысты заңдастыруға байланысты болған. Азаматтар мен ұйымдарға келтірілген жалпы залал 8 миллиард теңгеден асты.
Бұл деректер Тараз қаласында өткен «Криптовалюта платформаларын пайдалана отырып жасалған қылмыстарды анықтау, ашу және тергеу әдістері» атты форумда айтылды. Іс-шараға Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов, Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев, облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.
Санжар Әділовтің айтуынша, экономиканы цифрландыру жаңа мүмкіндіктермен қатар жаңа қауіптер де туындатып отыр. Киберқылмыстардың алдын алу мақсатында ІІМ басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп жүйелі шаралар кешенін іске асыруда.
Министрлік мәліметінше, елімізде Антифрод орталығы құрылып, күдікті интернет-ресурстар мен телефон нөмірлері бұғатталып жатыр. Биылдың өзінде 26 мыңнан астам сайт пен 64 миллион күдікті қоңырау бұғатталған.
Форум барысында тергеудің практикалық әдістері, цифрлық іздерді анықтау тәжірибесі және құқық қорғау қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мәселелері талқыланды. Кездесу қорытындысы бойынша азаматтарды жаңа киберқауіптерден қорғауға бағытталған ұсыныстар әзірленді.





