Қазақстанда 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап өндірілген мотор майларын міндетті цифрлық таңбалау жүйесі іске қосылды.
Бұл туралы Энергетика министрлігі хабарлады. Жаңа талапқа сәйкес, мотор майлары Data Matrix бірегей коды арқылы белгіленеді. Бұл кодта өнім, өндіруші, шығарылған күні және тауар мәртебесі туралы ақпарат шифрланған. Жүйе тауар қозғалысын өндірістен соңғы тұтынушыға дейін бақылауға мүмкіндік береді.
Министрлік мәліметінше, таңбалау нарықты контрафактілік өнімдерден қорғауға, адал бәсекені қамтамасыз етуге және сауда ашықтығын арттыруға бағытталған.
Мотор майлары айналымына қатысатын барлық компания Тауарларды таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесінде тіркелуі тиіс.
Қосымша ақпаратты бірыңғай оператордың сайтынан немесе 8 800 080 65 65 байланыс орталығы арқылы алуға болады.





