Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстанда SAF өндірісі: ҚазМұнайГаз және LanzaJet жобаны жобалау кезеңіне өтті

Қазақстанда SAF өндірісі: ҚазМұнайГаз және LanzaJet жобаны жобалау кезеңіне өтті

Нью-Йорк қаласында (АҚШ) «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов америкалық LanzaJet технологиялық компанияның басшылығымен – бас атқарушы директоры Джимми Самарциспен және коммерциялық мәселелер жөніндегі вице-президенті Стефан Тионмен кездесті. 

Тараптар Қазақстанда тұрақты авиациялық отын өндіретін (SAF) зауыт салу бойынша аяқталған техникалық-экономикалық негіздеменің (ТЭН) нәтижелерін және алдағы іс-шараларды қарастырды. 

Кездесу қорытындысы бойынша ҚМГ мен LanzaJet арасында Негіздемелік келісімге қол қойылды. Құжат ТЭН нәтижелерін ресми түрде бекітті. Енді жаңа кезең – нақты жобалау (FEED) басталады. Бұл кезең аясында зауыт құрылысы үшін барлық техникалық және экономикалық шешімдер әзірленеді. Бұдан бұрын нарыққа жүргізілген талдау көрсеткендей, 2030 жылға қарай Қазақстанда SAF тұтыну көлемі жылына 70 мың тоннаға жетуі мүмкін.

– Бірлескен жұмыс екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосып, төмен көміртекті даму мақсаттарына жетуде және жаңа технологияларды енгізуге ықпал ететін болады. Жалпы, бұл жоба биологиялық отын нарығының дамуына, авиацияның экологиялық параметрлерін және еліміздің транзиттік әлеуетін жақсартуға оң әсерін тигізбек, – деп атап өтті Асхат Хасенов.

Анықтама:

SAF (Sustainable Aviation Fuel)
– мұнаймен байланысты емес жаңартылатын ресурстардан өндірілетін экологиялық таза авиаотын. Оны дәстүрлі Jet A-1 авиакеросинінге қосып пайдалану нәтижесінде парник газдарының шығарындысын 95% дейін азайтуға мүмкіндік береді.

LanzaJet, Inc. – «alcohol-to-jet» тәсілі бойынша этанолдан SAF өндіру технологиялары саласындағы әлемдік көшбасшы компания. Компанияның технологиясы АҚШ Энергетика министрлігінің Тынық мұхиты солтүстік-батыс ұлттық зертханасымен бірлесіп жасалған. LanzaJet әлемнің ең ірі All Nippon Airways, British Airways және Virgin Atlantic сынды авиакомпаниялармен SAF жеткізу бойынша ұзақмерзімді келісімдер жасасқан.

Ұқсас материалдар