
Қазақстандық ұн енді АҚШ-тың Amazon және Walmart сынды ірі онлайн сауда платформаларында сатылымға шықты.
Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігі ресми түрде хабарлады.
Алғашқы 50 тонна қазақстандық бидай ұны Нью-Йорк қаласына жеткізіліп, Eurasian Legacy брендімен тұтынушыларға ұсынылды. Қаптамасында «Product of Kazakhstan» деген арнайы белгісі бар бұл өнім экологиялық таза әрі сапалы тауар ретінде танылуда.
Amazon платформасындағы баға – 1,36 келі қаптамасы үшін $14,50.
Министрліктің мәліметінше, бұл бастама «Қазақстанда жасалған» ұлттық брендіне халықаралық деңгейде танымалдық әкеліп, елдің оң имиджін қалыптастыруға үлес қосады.
Онлайн саудадан бөлек, қазіргі уақытта қазақстандық ұнды АҚШ-тағы мейрамханаларға, кофеханалар мен жергілікті асханаларға жеткізу мәселесі бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ Costco, Whole Foods және Trader Joe’s сияқты ірі сауда желілеріне шығу мүмкіндігі қарастырылуда.
QazTrade сауда саясатын дамыту орталығының бас директоры Айтмұхаммед Алдажаровтың айтуынша, АҚШ нарығына шығуға жол шілде айында Вашингтон қаласында QazTrade кеңсесінің ашылуымен мүмкін болған.
«Біз ұнмен ғана шектелмейміз. Қазірдің өзінде қарақұмық, гранола, талқан, шоколад пен какао өнімдері таныстырылды. Нью-Йорк, Чикаго және Вашингтондағы серіктестеріміз бұл өнімдердің жоғары сапасын атап өтті. Алдағы уақытта осы қалаларда қазақстандық өндірушілердің бизнес-миссиясын өткізуді жоспарлап отырмыз», – деді Айтмұхаммед Алдажаров.
Аталған қадам Қазақстан өнімдерінің АҚШ-тағы HoReCa (қонақүй, мейрамхана, қоғамдық тамақтану) сегментіне шығуына да жол ашады.