Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстандықтардың миллиардтаған теңге айыппұлы кешірілуі мүмкін

Қазақстандықтардың миллиардтаған теңге айыппұлы кешірілуі мүмкін

Қазақстанда алғаш рет әкімшілік амнистия жүргізу жоспарланып отыр. Мәжіліс депутаттары тиісті заң жобаларының пакетін жұмысқа қабылдады.

Егер құжат қабылданса, қазақстандықтардың бірнеше миллиард теңге көлеміндегі әкімшілік айыппұлдары есептен шығарылуы мүмкін.

Депутат Снежанна Имашева бұл бастама Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленгенін айтты. Оның сөзінше, ел тарихында алғаш рет тек қылмыстық емес, әкімшілік амнистия да өткізілмек.

Амнистия аясында ең алдымен Ішкі істер министрлігі желісіндегі айыппұлдар қарастырылып отыр. Олардың басым бөлігі жол қозғалысы ережелерін бұзуға қатысты. Атап айтқанда, қауіпсіздік белдігін тақпау, көлік жүргізу кезінде телефон пайдалану және адам өміріне қауіп төндірмеген өзге де ұсақ құқықбұзушылықтар бойынша салынған айыппұлдар мен өсімпұлдарды кешіру ұсынылуда.

– Айыппұлдардың нақты көлемін айту қиын, бірақ жалпы сомасы бірнеше миллиард теңгеге жетеді. Негізгі мақсат – азаматтардың қаржылық жүктемесін азайту, – деді депутат Мәжіліс кулуарында.

Жобаға сәйкес, айыппұлдан жеке тұлғалармен қатар кәсіпкерлер, нотариустар, адвокаттар, қандастар және басқа да азаматтар босатылуы мүмкін.

Сонымен бірге қауіпті құқықбұзушылықтар амнистияға ілікпейді. Атап айтқанда, қызыл шамға өту, жылдамдықты шамадан тыс асыру, мас күйінде көлік жүргізу сияқты әрекеттер үшін салынған айыппұлдар толық көлемде сақталады.

Парламентте қылмыстық амнистия мәселесі де қатар қаралып жатыр. Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты әзірленген бұл бастама аясында қылмыстық теріс қылықтар мен ауыр зардап келтірмеген жеңіл және орташа ауырлықтағы қылмыстар бойынша жауаптылықтан босату көзделген. Ал ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандардың жаза мерзімі тек келтірілген шығын толық өтелген жағдайда ғана қысқартылуы мүмкін.

Бұған дейін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі терроризм, экстремизм, педофилия және азаптау сияқты қоғамға аса қауіпті қылмыстар бойынша сотталғандар амнистияға ілікпейтінін мәлімдеген болатын.

Ұқсас материалдар