Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстандықтардың жалақысы көтеріле ме?

Қазақстандықтардың жалақысы көтеріле ме?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов халық табысын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Үкімет басшысының айтуынша, азаматтардың табыс деңгейінің өсуі экономиканың даму қарқынымен сәйкес келмей отыр. Қазіргі таңда еңбекақының жалпы ішкі өнімдегі үлесі шамамен 31%-ды құрайды. Бұл Орталық Азия елдері үшін жоғары көрсеткіш болғанымен, Үкіметтің мақсаты — әлемдік орташа деңгейге, яғни 40%-дан жоғары межеге жету.

Олжас Бектенов жалақы өсімінің бизнес табысының динамикасынан артта қалып отырғанын атап өтті. Осыған байланысты Үкімет халық табысын арттыруға бағытталған кешенді шаралар әзірлеп жатыр. Аталған пакет қаржылық, салықтық және өзге де ынталандыру тетіктерін қамтып, еңбекақыны көтеруге, лайықты жалақысы бар жұмыс орындарын көбейтуге, кәсіби дағдыларды дамытуға және азаматтардың қаржылық жүктемесін азайтуға бағытталмақ.

Премьер-министрдің сөзінше, Үкіметтің 2026 жылға арналған басты басымдығы — халықтың нақты табысының өсуін қамтамасыз ету.

Сонымен қатар ол жаңа өндірістер ашу, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және тұрақты жұмыс орындарын құру арқылы бұл мақсатқа қол жеткізу көзделіп отырғанын айтты. Бектенов цифрландыру мәселесіне де тоқталып, Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру жылы аясында экономиканың барлық саласына озық технологиялар мен жасанды интеллект енгізу міндеті тұрғанын атап өтті.

Алайда қазіргі таңда нақты сектордағы цифрландыру процесі әлі бастапқы деңгейде екенін, салалық деректер қорлары толық қалыптаспағанын жеткізді. Бұл мәселелердің барлығы Үкімет әзірлеп жатқан «Digital Qazaqstan» стратегиясы аясында шешілуі тиіс. Құжат барлық цифрлық бастамаларды біртұтас ұлттық бағдарламаға біріктіреді.

Ұқсас материалдар