Жаңалықтар
Қазақстанның энергетика секторына америкалық инвестиция көлемі 60 миллиард $ асты
ExxonMobil және Chevron корпорациялары елдегі ең ірі жобалар – Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарын іске асырудағы негізгі серіктестер болып табылады. Бұл жобалар Қазақстан мұнайының шамамен 70%-ын өндіреді және америкалық ірі компаниялардың жаһандық өндірісінде маңызды орын алады. Ерлан Ақкенженов аталған активтерді ұзақ мерзімді дамыту және өндірістік қуаттарды арттыру үшін тұрақты жағдай қалыптастыруға мемлекеттің бейілділігін білдірді.
Министрлер логистика мәселелеріне және энергия тасымалдаушыларды әлемдік нарықтарға үздіксіз жеткізу кепілдіктеріне ерекше назар аударды. Каспий құбыр консорциумы негізгі экспорттық бағыт ретінде атап өтілді – ол әлемдік мұнай ұсынысының шамамен 2%-ын тасымалдайды. Қазақстан тарапы шикізат транзитінің сенімділігін қамтамасыз ету үшін барлық қатысушылармен прагматикалық диалогқа дайын екенін растады. Сондай-ақ тараптар құбырдың санкцияларға ілікпеу мәртебесін сақтау бойынша бірлескен жұмысты оң бағалады.
Сонымен қатар Қазақстан экспорт бағыттарын әртараптандыруды белсенді түрде жалғастыруда. Атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік бағыты мен Баку–Тбилиси–Джейхан жүйесін дамыту мәселелері талқыланды. Жақын перспективада бұл бағыт бойынша тасымалдау көлемін жылына 2,1 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда. Министр Каспий теңізінің транзиттік әлеуетін тиімді пайдалану үшін америкалық инвесторлармен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін білдірді.
Кездесу қорытындысында Ерлан Ақкенженов Қазақстанның табиғи ресурстарының әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, технологиялық әріптестікті тереңдетуге ашық екенін жеткізді.





