Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстанның сыртқы қарызы қанша?

Қазақстанның сыртқы қарызы қанша?

2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша, Қазақстан Республикасының сыртқы қарызы 166,7 млрд АҚШ долларына жеткен. Ұлттық банктің мәліметінше, бұл көрсеткіш 2024 жылдың басынан бері 3,0 млрд долларға өскен.

2024 жылдың басынан бастап сыртқы қарыз төлем балансының операциялары есебінен 2,7 млрд долларға, ал құндық, бағамдық және басқа да өзгерістер есебінен 0,3 млрд долларға ұлғайған. 

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов еліміздің сыртқы қарызына қатысты түсінік берді.

«Біз сыртқы факторларға көбірек тәуелдіміз және негізінен шикізат жібереміз. Айталық, мұнай, биыл өндіріс көлемінің азаюы байқалды. Екіншіден, тау-кен металлургия кешені өнімдері бойынша айтарлықтай өсім болған жоқ, экспортталатын бірқатар тауар бойынша бағаның төмендеуі байқалды. Әрине, мұның бәрі бюджет түсімдеріне әсер етті, себебі түсім азайды», – деп түсіндірді Ержан Біржанов Мәжіліс қабырғасында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.

Сондай-ақ, вице-министр көктемгі су тасқынына бюджетке салмақ түсіргенін айтты.

«Тасқын болатыны жоспарда жоғы анық. Тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселенің біреуі ғана. Осы орайда бюджеттен резервтер арқылы инфрақұрылым қаржыландырылды және қалпына келтірілді. Тұрғын үйден бөлек, тіршілікті қамтамасыз етіп, объектілерді қалпына келтіру мәселесі бар, бұл да мемлекеттік бюджетке салмақ түсірді. Барлық ковенант, қарыздар бойынша нормалар сақталады және олар негізінен инфрақұрылымдық жобаларға қаражат жұмсалады. Бұл болашақта қосымша жұмыс орындарын ашуға және бюджетті толықтыруды әкеледі деген сөз. Біз бүгінгі күнмен өмір сүрмеуіміз керек, сондықтан мұндай механизмдер қабылданады», – дейді Қаржы министрінің орынбасары.

Айта кетейік, Мәжілістің қарауына «Қазақстан мен Азия Даму Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы және «Қазақстан мен Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы келіп түсті. Осы екі құжат бойынша жалпы қарыз көлемі 105 млрд йенді құрайды.

 

Ұқсас материалдар