Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Ұлттық банк азаматтарды жаңа алаяқтық схемалары туралы ескертті

Ұлттық банк азаматтарды жаңа алаяқтық схемалары туралы ескертті

Қазақстан Ұлттық банкі соңғы уақытта «ақшаны қате аударып қойдым» деген сылтаумен жасалатын алаяқтық әрекеттердің жиілегенін хабарлады.

Реттеушінің мәлімдеуінше, алаяқтар алдымен банк атынан келгендей болып көрінетін жалған SMS-хабарлама жібереді. Хабарламада шотқа ақша түскені айтылып, кейін қаскөйлер қоңырау шалып, ақшаны «қателесіп жібергенін» айтып қайта аударуды сұрайды. Алайда мұндай SMS-хабарламалар шындыққа жанаспайды.

Сонымен қатар алаяқтықтың тағы бір түрі тіркелуде: бұл жағдайда ақша азаматтың шотына шынымен түседі. Кейін қоңырау шалған тұлға өзін қате ақша аударған адам ретінде таныстырып, қаражатты үшінші бір адамның шотына аударуды талап етеді. Мұндай кезде қаскөйлер психологиялық қысым көрсетуі, ақша баланың еміне қажет екенін айтуы немесе құқық қорғау органдарына шағымданатынын айтып қорқытуы мүмкін. Кейбірі өзін «күш құрылымдарының» немесе «Ұлттық банктің қызметкері» ретінде таныстырып, жеке деректерді сұратуға тырысады.

Ұлттық банк азаматтарға күмәнді SMS-хабарламаларға сенбеуге, ақша түскен-түспегенін тек ресми мобильді қосымша немесе интернет-банкинг арқылы тексеруге кеңес береді. Сондай-ақ белгісіз тұлғаларға немесе үшінші тарап шоттарына ақша аударудан бас тарту қажет. Күмәнді жағдай туындаған кезде банкке хабарласу немесе жақын орналасқан бөлімшеге бару ұсынылады.

Реттеуші ұйым өз қызметкерлері аудио және видеоқоңырау шалмайтынын, жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейтінін, инвестициялық жобалар ұсынбайтынын және халықпен тікелей ақша есеп айырыспайтынын еске салды.

Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі де өзін ведомство қызметкері ретінде таныстырып, үйлерді аралаған белгісіз адамдарға қатысты ескерту жасаған. Министрлік мұндай тұлғалардың ресми қызметкер еместігін және олардың алаяқ болуы мүмкін екенін хабарлаған.

Ұқсас материалдар