«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Ресейдің ЛУКОЙЛ компаниясына тиесілі Қарашығанақ жобасындағы үлесті сатып алуы мүмкін деген ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
Компанияның ресми жауабында бұл хабардың бұқаралық ақпарат құралдарында жиі тарағанымен, негізсіз екені атап өтілді.
ҚМГ дерегінше, серіктестермен бірге Қарашығанақ жобасына ықпал етуі мүмкін санкциялық тәуекелдер тұрақты түрде сарапталып отырады, алайда активтерді сатып алу туралы келіссөз жүріп жатқан жоқ.
Бұл мәселе туралы алғашқы болып Reuters агенттігі хабарлаған еді. Кейін «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов та түсініктеме беріп, нақты уағдаластықтар туралы айтуға ерте екенін, бірақ тараптар арасында талдау жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, ЛУКОЙЛ ҚМГ-дің бірнеше жобадағы серіктесі болғандықтан, әртүрлі опцияларды қарастыру қалыпты процесс.
Бұған қоса, биыл ҚМГ-дің Болгариядағы «Lukoil Neftochim Burgas» мұнай өңдеу зауытына қызығушылық танытқаны да хабарланған болатын.





