Премьер-министр Олжас Бектенов еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізіп, саладағы бірқатар жобалардың баяу жүзеге асырылып жатқанын сынға алды.
Үкімет басшысы барлық бағыттағы жұмысты жеделдетуді тапсырды. Кеңесте көлік инфрақұрылымын жаңғырту, цифрландыру және саланың экономикалық үлесін арттыру мәселелері қаралды. Ресми деректерге сәйкес, 2025 жылдың қорытындысында көлік және қоймалау саласының жалпы өнім көлемі 12,2 трлн теңгеге жеткен. Ал биылғы қаңтар-наурыз айларында өсім 12,8%-ды құрады.
Өткен жылы ел ішінде автокөлікпен 353 млн тонна жүк тасымалданған. Сонымен қатар «Қалбатау – Майқапшағай», «Талдықорған – Өскемен», «Атырау – Астрахан» және «Қарағанды – Алматы» бағыттары бойынша ірі жол жобалары аяқталды. Қазіргі таңда бірқатар транзиттік дәліздерді дамыту жұмыстары жалғасуда, ал жол жөндеу көлемі 13 мың шақырымға дейін ұлғайған.
Алайда ЕАЭО шекараларындағы өткізу пункттерін жаңғырту жұмыстары баяу жүріп жатыр. Осыған байланысты Үкімет басшысы процестерді жеделдетуді қатаң тапсырды.
Теміржол саласына тоқталсақ, Қазақстан темір жолы мәліметінше, 2025 жылы транзиттік тасымал көлемі 33 млн тоннаға жетіп, бір жылда 20%-ға артқан. 2026 жылдың алғашқы тоқсанында да өсім сақталып отыр. Дегенмен, «Бақты – Аягөз» теміржол желісінің құрылысы ресурстардың жеткіліксіздігіне байланысты кешеуілдеп жатқанын Премьер-министр ерекше атап өтті.
Кеңесте Транскаспий халықаралық көлік бағыты дамытуға да ерекше назар аударылды. Бұл бағыт бойынша жеткізу мерзімдерін қысқарту, тарифтерді оңтайландыру және цифрлық жүйелерді интеграциялау жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар теңіз инфрақұрылымын дамыту мәселелері қаралды. Ақтау порты мен Құрық порты арқылы тасымалды арттыру көзделіп отыр. Алайда «Ақтау – Баку» бағытына арналған контейнер тасымалдаушы кемелерді сатып алу процесінің кешігуі де сынға ұшырады.
Азаматтық авиация саласында да өсім байқалады. 2025 жылы 20,8 млн жолаушы тасымалданып, әуежайлар 31,8 млн адамға қызмет көрсеткен. 2028 жылға дейін 11 ірі инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Жиында саланы цифрландыру мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Соңғы жылдары шетелдік рұқсат бланкілерінің басым бөлігі электронды форматқа көшіріліп, халықаралық тасымал рәсімдері жеңілдетілген.
Үкімет басшысы Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау қарқынына сын айтып, транзиттік әлеуетті толық пайдалану үшін барлық бағытта нақты әрі жедел әрекет ету қажеттігін атап өтті.
– Президент транзитті еліміздің басты бәсекелестік артықшылықтарының бірі ретінде үнемі атап келеді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту – басты міндет, – деді Олжас Бектенов.





