Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Үкіметте көктемгі су тасқынына дайындық мәселесі қаралды

Үкіметте көктемгі су тасқынына дайындық мәселесі қаралды

Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев төрағалығымен көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық барысы талқыланды.

Жиында Қазгидромет ұсынған жаңартылған болжамдар ескерілді.

Елдегі жағдай туралы Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Цифрлық даму министрлігі, Су ресурстары және ирригация министрлігі және Көлік министрлігі өкілдері баяндама жасады.

Синоптиктердің мәліметінше, наурыз айы жылы әрі жауын-шашынды болады деп күтіледі. Елдің басым бөлігінде ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан жоғары болуы мүмкін. Сәуір айында да ауа райы жылы болады деп болжанып отыр. Батыс өңірлерде, сондай-ақ оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлердің таулы аймақтарында жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болуы ықтимал.

Осы болжамдарды ескере отырып, су тасқыны қаупі жоғары өңірлер қатарына Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облыстары енгізілді. Қауіп деңгейі орташа аймақтар ретінде Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Түркістан, Алматы облыстары, сондай-ақ Ұлытау мен Жетісу облыстары аталды. Ал Атырау, Маңғыстау, Қызылорда және Жамбыл облыстарында қауіп деңгейі төмен деп бағаланған.

Tasqyn ақпараттық жүйесі арқылы жүргізілген модельдеу нәтижесінде 34 елді мекен ықтимал қауіп аймағына енгізілді. Бұл тізімге Ақмола, Абай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарындағы елді мекендер кіреді. Жүйеге 98 гидрологиялық бекеттен қысқа және ұзақ мерзімді болжамдар келіп түседі, ал есептеулер нәтижесінде 72 виртуалды гидробекет бойынша су шығынының болжамдары жасалған. Модельдеу Есіл, Нұра, Жайық, Сырдария, Шу, Талас, Тобыл және Ертіс өзендерінің бассейндерінде жүргізілуде.

Жиында автомобиль және теміржол инфрақұрылымының су өткізу қабілетін арттыру шаралары да қаралды. Қазіргі уақытта 582 су өткізу құбыры салынған, автожолдарды жаңғырту кезінде 63 көпір тұрғызылған. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарындағы бес апатты көпірге күрделі жөндеу жүргізілген.

Төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою үшін республикалық және өңірлік деңгейде 39 мыңнан астам адамнан тұратын күштер мен құралдар дайындалған. Олардың қарамағында 12 мыңнан астам техника, 4 мыңнан астам су сору құралы және 700-ге жуық жүзу құралы бар.

1 наурыздан бастап Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел штабы тәулік бойы жұмыс істеп, гидрологиялық жағдай мен су тасқыны қаупі бар аумақтарға тұрақты мониторинг жүргізіп жатыр.

Ұқсас материалдар