Павлодар облысында «HAS» қаржы пирамидасын ұйымдастырғаны үшін сотталған тұлғаларға қатысты іс қайта жанданды.
Бұған дейін 5 мыңнан астам азаматтан 1,2 млрд теңгеден астам қаражат жинағаны үшін 6 жылдан 12 жылға дейін сотталғандарға енді қосымша айыптар тағылды.
Қаржы мониторинг агенттігінің мәліметінше, үкім шыққаннан кейін тағы 125 азамат осы пирамидаға 821 млн теңге салғанын айтып, арызданған. Осы арыздар негізінде 2026 жылғы 6 қаңтарда күдіктілердің әрекеттері қайта сараланып, оларға ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған басшылық ету, қаржылық пирамиданы ұйымдастыру және жарнамалау, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастыру баптары бойынша жаңа айыптар тағылды.
Тергеу дерегінше, пирамиданы ұйымдастырушылар жиналған қаражатқа 4 пәтер, 18 автокөлік, 3 жер учаскесі, автотұрақ орындары мен тұрғын емес ғимараттар сатып алған. Бұған дейін салымшыларға 300 млн теңге қайтарылған.
Ал жаңадан арызданған 125 адамның мәліметі бойынша, күдіктілер Астана қаласында құны 525 млн теңге болатын жер телімдерін және «A.D.A.M. group» ЖШС-ін сатып алып, оны үшінші тұлғаның атына рәсімдеген. Аталған мүлік пен компания активтеріне сот санкциясымен тыйым салынды.
ҚМА «HAS» қаржы пирамидасынан зардап шеккен азаматтарды тұрғылықты жері бойынша агенттік бөлімшелеріне жүгінуге шақырды.





