Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Комиссия «Жомарт» шахтасындағы апаттың мән-жайын 10 күнде аяқтайды

Комиссия «Жомарт» шахтасындағы апаттың мән-жайын  10 күнде аяқтайды

   Үкімет басшысы Олжас Бектенов отырысты Ұлытау облысы  «Жомарт» шахтасындағы апаттан қаза тапқан жұмысшылардың отбасына көңіл айтудан бастады. 

– Бүгінгі отырысты Ұлытау облысындағы төтенше жағдайдан бастаймыз. Үкіметтің атынан шахтадағы апат салдарынан қаза тапқан кеншілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Марқұмдардың отбасына барлық қажетті көмек көрсетіледі. Оқиға орнында тиісті қызметтер жұмыс істеп жатыр, – деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
 

Мемлекет басшысының тапсырмасымен апаттың себептерін тексеру және зардаптарды жою бойынша үкіметтік комиссия құрылды. 

«Оны менің орынбасарым Қанат Алдабергенұлы Бозымбаев басқарды. Оқиғаның мән-жайын мұқият тексеріп, зардаптарын жою керек», – деді ол.

 Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың Ұлытау облысындағы «Жомарт» кенішіндегі апаттың себептерін тексеру және қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсету жөніндегі Үкіметтік комиссия жұмысының барысы туралы баяндамасы тыңдалды.

Осы жылдың 17 ақпанында Қазақмыс корпорациясының «Жомарт» кенішінің шахтасында апат болды. 7 адам қаза тапты. Бұл ретте 402 адам өз бетінше эвакуацияланды.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Апат орнында Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық жедел штабы ашылды. Сенім телефоны желісіне 23 қоңырау түсті.

Премьер-министрге Үкіметтік комиссия апаттың себептерін тергеу бойынша жұмысты бастағаны, тиісті сараптамалар жүргізілетіні баяндалды. Алдын ала мәліметтер бойынша шахтада табиғи газ жарылған.

Комиссия басшысы мен мүшелері апат болған жерді қарап, қаза тапқандардың отбасыларымен кездесу өткізді. Қазір шахтада жұмыс тоқтатылды. Екі арнайы комиссия құрылды: біреуі апаттың себептерін анықтауы керек, екіншісі қауіпсіздік ережелерінің бұзылғанын анықтайды. Комиссиялар өз жұмысын 10 күн ішінде аяқтауға тиіс.

Сондай-ақ Қазақмыс корпорациясы ұжымдық шартқа сәйкес көмек көрсетеді, оның ішінде жерлеуді ұйымдастыру, жылдық орташа жалақының 10 еселенген төлемі, балалардың оқу ақысын төлеу, қаза тапқан қызметкерлердің несиелері мен қарыздарын өтеу бойынша көмек түрлері бар.

Бұдан басқа, қолданыстағы заңнама аясында кеншілер отбасына бюджеттен мемлекеттік жәрдемақылар және асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қорынан әлеуметтік төлемдер тағайындалады, сондай-ақ жерлеуге төлемдер берілетін болады.

Ұқсас материалдар