Атом энергетикасы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанда атом электр стансаларын салуға арналған ықтимал алаңдарды атады.
Оның айтуынша, ұзақ мерзімді перспективада Қостанай облысы да АЭС құрылысына қолайлы аймақ ретінде қарастырылуы мүмкін.
Атом энергетикасы жөніндегі агенттік төрағасы елдің энергетикалық теңгерімін ескере отырып, Қазақстанға кемінде 3, ал болашақта 4 атом электр стансасы қажет екенін айтты.
Қазіргі таңда негізгі үміткер алаңдардың бірі – Балқаш маңы. Бұл аумақта 6 ірі энергетикалық блокқа дейін орналастыруға мүмкіндік бар. Сондай-ақ Курчатов қаласы шағын және орта қуатты реакторларды дамыту үшін перспективалы алаң ретінде қарастырылып отыр.
Бұдан бөлек, Батыс Қазақстан өңірі де назарда. Мұнда атом энергетикасы тек электр өндірумен шектелмей, жылу беру және суды тұшыту сияқты қосымша міндеттерді де атқара алады.
Сәтқалиевтің айтуынша, Қостанай өңірі жақын арада емес, шамамен 20–30 жылдық перспективада қарастырылуы мүмкін. Қазір бұл бағыттағы зерттеулер жалғасып жатыр.





