Курчатов қаласында қуаты 700 МВт болатын жаңа конденсациялық көмір электр станциясының құрылысы басталады.
Жоба Мемлекет басшысының көмір генерациясын дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында және 2035 жылға дейінгі электр энергетикасы саласын дамыту жоспарына сәйкес жүзеге асырылмақ.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі хабарлады.
Министрлік өткізген тендер қорытындысы бойынша 2026 жылғы 12 қаңтарда жоба жеңімпазы ретінде ГРЭС Курчатов ЖШС анықталды. Ал 13 қаңтарда тараптар жаңа генерациялайтын қондырғыларды салу туралы шартқа қол қойды.
Жоба «таза көмір» технологиялары негізінде іске асырылып, станция аса критикалық бу параметрлері бар жұмыс режимінде қызмет атқарады. Құрылыс кезеңінде 4 мыңға дейін, ал станция пайдалануға берілгеннен кейін 400-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.
Сонымен қатар, жобада шығарындыларды тазарту, сүзу және шаңды басудың заманауи технологияларын қолдануға басымдық беріледі. Электр станциясы Экологиялық кодекс талаптарына және ең озық қолжетімді технологиялар (ЕҚТ) нормаларына сәйкес, халықаралық стандарт деңгейіндегі газ тазалау жүйелерімен жабдықталады.
Айта кетейік, конденсациялық көмір электр станциясының құрылысы мемлекеттік бюджет қаражатын тартпай, электр энергиясы нарығының қолданыстағы тетіктері шеңберінде жүзеге асырылады.





