Мәдениет ошағы
Екі қаланың өзара ұқсастығын ойлай қалсақ, алдымен есімізге оралатыны − мәдениет ошақтары. Алматы және Астана қалалары мәдени шаралары, әдеби кештері, шығармашылық көрмелерден кенде емес. Алматыда М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театры, Абай атындағы Қазақ опера және балет театры, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры бар. Бұдан өзге, еліміздің мемлекеттік орталық музейі бастаған бірқатар музейлер жыл он екі ай көрерменін қабылдаудан жалыққан емес. Сондай˗ақ, мұндағы филармония мен консерваториялар да әртүрлі шығармашылық кештерімен қала тұрғындарына әдемі кеш сыйлай біледі. Астана қаласында Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2014 жылы ашылған еліміздің Ұлттық музейі, бұдан бір жыл алдын қолданысқа берілген «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театры талай турист үшін тартымды болып отырғаны жасарын емес. Бұдан өзге, қаланың Жастар театры өзінің ізденімпаздығы мен тың дүниелерімен жергілікті тұрғындар мен қала қонақтарының сүйікті ошағына айналып үлгерді. Күз − театрлар маусымының басталатын уақыты. Әсіресе, осы кезеңде театрға келушілердің қатары көбейе түседі.Тау тынысы
Алматы ˗ Тянь-Шань тауының солтүстігінде, Іле Алатауының баурайында орналасқан ірі мегаполис. Жергілікті тұрғындар бұл аймақтағы асқаралы таулардың рахатын жыл он екі ай көреді. Жазда көкке шығады, көктем˗күз мезгілдерінде түрлі шыңдарын бағындырып, таза ауада тынықса, қыста шаңғы, сноуборд тебумен шұғылданады. Сондықтан, оңтүстік астанамыздағы Үлкен Алматы көлі, Шымбұлақ, Медеу, Көктөбе сынды демалыс орындары тұрғындардың тұрақты мекеніне айналған. Бұған қоса, соңғы уақытта жергілікті тұрғындар үлкен Алматы, Фурманов сынды шыңдарды бағындыру әдемі әдетке айналдырып үлгерді.Тазының пайдасы
Елордамыз, өкінішке қарай, өз тұрғындары мен қонақтарына мұндай тау табиғатындағы демалыс орындарын ұсына алмағанымен, оның орнын толтырарлық демалу тәсілдері таба білген. Мәселен, Астана қаласынан 40 шақырымдай қашықтықта орналасқан Новоишим ауылында қазақтың жеті қазынасының бірі саналатын тазымен аңға шығуды ұнататындар үшін арнайы демалыс орын ұйымдастырылған. Мұнда келушілер өзін ертедегі қазақтың қайсар мінезді жігіттеріндей жылқының үстінде аңшылық құрып, тазымен аң аулағанның рахатын сезіне алады. Бұдан өзге, қыс мезгілінде қаладан жеті шақырым қашық жерде иттерге жегілген шанамен сырғанауға арналған демалыс орны бар. Қала әкімдігі жастардың соңғы уақытта демалудың осы түрімен көп әуестене бастағанын айтады.Бақтағы «бақыт»
Қазақ елінің өсімдік әлемі жинақталған бірден-бір ғажайып жер Алматының көруге таңсық көрікті ғажаптарының бірі – Ботаникалық бақ. Бұрыннан солай болған, қазір де солай. Алатаудың еңісі жазылған дәл етегінде. Мұнда еліміздің және дүние жүзінің өсімдік әлемінің аса бай қазына-қоры осында сақталып келеді. Темирязев көшесінің бойында орналасқан бақ жылдың қай мезгілінде болмасын сұлуланып тұрады. Сондықтан, бұл орынға келетін тұрғындардың жыл он екі ай бойы азаймайды. Биыл шілде айында Астанадағы Ботаникалық бақ та ресми ашылды. Жалпы аумағы 92 гектар болатын бақты салуға 23 млрд теңге жұмсалған. Мұнда тропикалық, шөл өсімдіктерін өсіруге арналған жылыжайлар, сондай-ақ суккуленттер бар. Өсімдіктер бақшасында 33 мыңнан астам ағаш, жасанды су қоймасы, веложол, жүгіруге арналған тратуар және жаяу жүргіншілер жолы бар. Ботаникалық бақтың жанында абаттандыру аумағы 141 мың шаршы метр болатын қосымша саябақ бар. Онда 10 мыңнан астам қылқанды және жапырақты ағаштар отырғызылған. Елбасы «Әлемдегі экзотикалық өсімдіктердің барлық түрі осы бақта өсу үшін жағдай жасау қажет» деп тапсырма берген болатын. Сондықтан, жас бақшаның түрленуі мен көркейе түсуі тиісті органдардың назарында. Бұл бақтың астаналықтар үшін сүйікті орынға айналатынына кәміл сенеміз. Себебі, табиғат аясынды тынығудан асқан демалыс жоқ, сірә.Тынығудың тың тәсілдері
Алматыда соңғы бес-он жылда табиғат аясында қалықтау ұшудың түрлі тәсілдері пайда болған. Мәселен, Үш қоңыр ауылында жыл сайын дельтаплан және парапланмен жарысатын фестивальдер ұйымдастырылады. Мұндай шараға тек еліміздің әуесқойлары ғана емес, әлемнің әр түкпірінен саяхатшылар келеді. Ірі шаралардан басқа уақытта, жеке ұйымдар айында екі рет жергілікті тұрғындар үшін парапланмен ұшуды ұйымдастырады. Демалудың бұл түрі аса арзан болмаса да, қала тұрғындары мен қонақтары мұндай экстримнен бас тартатын емес. Экстремалды спорт түрлерімен айналысатын ұйымдардың жеке сайттар немесе әлеуметтік парақшаларына үңілсек болғаны, ондағы қызығушылардың қарасы аз еместігін оп-оңай байқауға болады. Ал Астанада мұндай спорт түрлерінен rope jumping кең таныла бастады. Бір арқанды беліне байлап, биік ғимараттардан секіретін экстремалды демалыс бүгінде жастардың қызығушылығына айналуда. P.S. Бұдан өзге, қала тұрғындарының отбасымен демалуына қолайлы түрлі курорттық орындар екі қалада да жетерлік. Жастар бас қосатын ірі ойын-сауық орталықтары да баршылық. Оның үстіне, еліміздің негізгі қалалары қонақтарын дәмханаларының саналуандығымен қуанта алады әрі ұлттық асханасын ұсынудан да бес аспап. Айта кетейік, бұл қалаларға қатынаудың барлық түрі жетілдірілген. Алматы және Астана қалаларына ұшақпен, пойыз, автобус және жеңіл көлікпен де қатынау оңай. Бұл аймақтарға келушілерге қаладағы демалыс орындарынан өзге, қала сыртындағы түрлі табиғи нысандарды тамашалауға да мүмкіндік зор.