Лондон биржасында Brent маркалы мұнайдың бағасы 2%-ға қымбаттап, барреліне 61,12 доллар болды.
Бағаның өсуіне АҚШ-тағы мұнай қорының 3,83 млн баррелге қысқаруы және Ресейден мұнай сатып алатын елдерге қарсы санкциялардың күшеюі әсер еткен.
Сонымен қатар АҚШ президенті Дональд Трамп мұнай бағасын барреліне 50 долларға дейін төмендетуді көздейтінін мәлімдеді. Бұл оның жаңа энергетикалық стратегиясының негізгі бағыттарының бірі. Осы мақсатта Трамп әкімшілігі Венесуэланың мемлекеттік мұнай компаниясын бақылауға алып, елдің ірі мұнай қорларын экспортқа шығаруды жоспарлап отыр. АҚШ санкцияға ұшыраған танкерлерде сақталған 30–50 млн баррель венесуэлалық мұнайды әлемдік нарыққа шығара бастаған.
Сарапшылардың айтуынша, Венесуэланың мұнай-газ саласын толық қалпына келтіруге 4–5 жыл қажет, сондықтан бұл қадам әзірге нарыққа айтарлықтай әсер ете қоймайды. Дегенмен, бағаның төмендеуіне ықпал ететін психологиялық фактор ретінде бағаланып отыр.
Егер мұнай бағасы барреліне 50 долларға дейін төмендесе, ОПЕК+ ұйымының саяси және экономикалық ықпалы әлсіреуі мүмкін. Мұнай экспортына тәуелді елдер шығынға ұшыраса, Еуропа сияқты импорттаушы мемлекеттер арзан шикізат есебінен ұтады.
Айта кетейік, қаңтар айындағы соңғы отырыста ОПЕК+ альянсы мұнай өндіру көлемін өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылдаған.





