
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтерінің инвестициялық кірісі өткен жылы айтарлықтай өсті. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша көрсеткіш 3,4 трлн теңгеге жетті. Бұл бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 114,5%-ға немесе 1,8 трлн теңгеге артық. Табыстылық деңгейі 17,84%-ды құрап, инфляциядан едәуір жоғары болды.
Инвестициялық кірістің өсуіне қандай факторлар әсер етті? Зейнетақы активтерінің инвестициялық кірісі бірнеше көзден қалыптасады. Атап айтқанда, қаржы құралдары бойынша сыйақы — мемлекеттік және корпоративтік облигациялардан, банктік депозиттер мен басқа да операциялардан түсетін пайыздық табыстар. Сонымен қатар нарықтық және валюталық қайта бағалау — активтердің құнының нарықтық жағдай мен валюта бағамының өзгеруіне байланысты өсуі. Сондай-ақ, сыртқы басқарудан түскен табыстар — халықаралық басқарушы компаниялардың шетелде инвестициялауынан түскен пайда.
2024 жылы барлық қаржы құралдары бойынша оң нәтиже тіркелді. Бұл — Ұлттық банк пен инвестициялық портфельді басқарушылардың (ИПБ) нарықтық жағдайды ескере отырып, активтерді әртараптандыру мен оларды түрлі валюталар мен құралдарға тиімді орналастыруының нәтижесі болса керек. Мұндай тәсіл тәуекелдерді азайтып, тұрақты кірісті қамтамасыз етеді.
2024 жылы инвестициялық кірістің көлемі (3,4 трлн теңге) жыл ішінде түскен зейнетақы жарналарынан (шамамен 2,8 трлн теңге) асып түсті. Бұл — салымшылардың жинақтары тек тұрақты аударымдар есебінен ғана емес, сонымен қатар табысты инвестициялық қызметтің арқасында да өсіп жатқанын көрсетеді.
Жалпы алғанда 1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесі іске қосылғаннан бері 2025 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде жиынтық инвестициялық табыстылық 979,95%-ды құрады. Бұл көрсеткіш инфляция деңгейінен айтарлықтай жоғары. Осылайша, зейнетақы жинақтарының сатып алу қабілеті уақыт өте келе сақталып қана қоймай, артқанын айғақтайды.
Бұл ретте әрбір салымшы өз жинақтарының жағдайы мен инвестициялық кірісін enpf.kz сайтындағы жеке кабинет арқылы немесе мобильді қосымшада бақылай алады. Сонымен қатар, Ұлттық банк ай сайын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) сайтында инвестициялық қызмет туралы есептерді жариялап отырады, бұл жүйенің ашықтығын және ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Жоғары нәтижелерге қарамастан, сарапшылар ұзақмерзімді кезеңде табыстылықты сақтап қалу үшін Ұлттық банктен жаһандық экономикалық өзгерістерге икемді болуы керек деп есептейді. Әлемдік нарықтардағы құбылмалылық, геосаяси жағдайдың шиеленісуі және дамыған елдердегі пайыздық мөлшерлемелердің өзгеруі инвестициялық кіріске әсер етуі мүмкін.
Осыған байланысты Ұлттық банктің активтерді әртараптандыру стратегиясы мен халықаралық басқарушылармен ынтымақтастығы басты басымдық ретінде қала береді. Активтерді әртүрлі салалар мен өңірлерге инвестициялау арқылы реттеуші жекелеген нарықтарға тәуелділікті төмендетіп, тәуекелдерді азайтады. Бұл тәсіл зейнетақы жинақтарының тұрақты өсуін қамтамасыз етеді.