
Қыркүйектің қорытындысы бойынша теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 549,07 теңгеге дейін, яғни 1,9%-ға әлсіреді.
Қазақстанның қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа бір күндік көлемі бір айда 217 млн АҚШ долларынан 248 млн АҚШ долларына дейін ұлғайды. Жалпы сауда-саттық көлемі 5,2 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл туралы Ұлттық банк мәлімдеме жасады.
Қыркүйекте Ұлттық қордан 500 млн АҚШ доллары сатылды. Бұл республикалық бюджетке трансферттер бөлуді, сондай-ақ «Талдықорған–Үшарал» магистральдық газ құбырының инфрақұрылымдық жобасын қаржыландыруды қамтамасыз етті.
Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 9%-ын немесе бір күнде шамамен 24 млн АҚШ долларын құрады.
Қазан айына жоспар: 600-700 млн доллар сатуКүтілетін фискалдық түсімдерді ескере отырып, Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдері бойынша қазан айында республикалық бюджеттен трансферттер бөлу үшін Ұлттық Банк Ұлттық қордан 600 млн АҚШ долларынан 700 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатуды жоспарлап отыр.
Ұлттық Банк 2025 жылдың басынан бері отандық өндірушілерден алтын сатып алу операцияларын теңестіре бастады. Қыркүйекте 290 млрд теңгеге алтын сатып алынды.
Сонымен қатар, алтын бағасының айтарлықтай өсуі кезінде айналу аясында өтімділікті алу көлемі алтын сатып алу операцияларына байланысты теңге эмиссиясы көлемінен артта қалып отыр.
Осы жылдың басынан бері жинақталып алынбаған өтімділікті ескере отырып, айналу операциялары аясында IV тоқсан ішінде 1,4 трлн теңгеге балама сомада шетел валютасын сату жоспарда бар.
Ұлттық қор қаражатымен операциялар жүргізу кезінде, сондай-ақ айналу тетігін іске асыру кезінде Ұлттық Банк нарықтық бейтараптық қағидатын сақтайды. Бұл — шетел валютасын тұрақты және біркелкі сатуды білдіреді. Қыркүйек айында Ұлттық Банк валюталық интервенция жүргізген жоқ.
Квазимемлекеттік сектор және БЖЗҚ операцияларыКвазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімнің бір бөлігін міндетті сату нормасы аясында өткен айдың қорытындысы бойынша валюталық түсімді сату көлемі шамамен 378 млн АҚШ долларын құрады.
БЖЗҚ валюта активтерінің үлесі осыған дейінгі жоспарға сәйкес шамамен 40% екенін ескере отырып, Ұлттық Банк қыркүйекте зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліне АҚШ долларын сатып алған жоқ. Қазанда да валюта сатып алу жоспарланбайды.
Теңге бағамына әсер ететін негізгі факторларҰлттық Банк транспаренттілік қағидаты аясында валюта нарығындағы барлық операциялар туралы толық ақпаратты жариялап отырады.
Қысқамерзімді перспективада теңге бағамының динамикасы нарыққа қатысушылардың күтуіне, тоқсан сайынғы салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси өзгерістерге байланысты болады.
Ұлттық Банк теңгерімсіздіктің жинақталуына жол бермейтін және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстанатынын мәлімдеді.