Ұлттық Банк крипто-карта және цифрлық активтер бойынша пилоттық жобаны іске қосты

2025 жылғы 3 маусымда Алматыда Қазақстан Ұлттық Банкі цифрлық активтер индустриясын дамыту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында банктер, криптобиржалар мен финтех-компаниялар өкілдерімен кездесу өткізді.
Жиын барысында токенизация және цифрлық активтерге негізделген жаңа қаржылық сервистерді енгізу жобалары талқыланды.
Кездесуде «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңында лицензияланған криптобиржалардың әмияндарына байланған «крипто-карта» жобасының тетігі іске қосылды. Бұл карталар арқылы пайдаланушылар өздерінің цифрлық активтерін қолма-қол ақшасыз төлемдерге пайдалана алады. Төлем сәтінде криптоәмияннан активтер сатылып, олардың құны бірден банк шотына байланған картаға түсіп, нақты ақшамен есеп айырысу жүреді. Бұл – цифрлық активтерді төлем инфрақұрылымына қауіпсіз әрі ыңғайлы түрде енгізудің алғашқы қадамы.
Жобаның басты артықшылығы – төлем операциясы бір сәтте жүзеге асады, яғни клиент криптоактивтерін сатуға арнайы әрекет жасамай-ақ, тікелей сатып алу не қызмет төлеу кезінде пайдалана алады. Жедел есеп айырысу Ұлттық Банк пен АХҚО крипто-провайдері арасындағы интеграция есебінен мүмкін болып отыр.
Ұлттық Банктің үйлестіруімен биыл цифрлық активтер бойынша бірнеше пилоттық жоба іске асырылады. Олардың қатарында ұлттық валютамен (соның ішінде цифрлық теңгемен) қамтылған стейблкоиндарды шығару, қаржы активтері мен жылжымайтын мүлікті токенизациялау, бағалы қағаздарға теңестірілген токендерді айналымға енгізу, цифрлық активтерді сақтау мен айырбастау жүйелерін дамыту секілді бағыттар бар.
Аталған бастамаларды жүзеге асыру үшін Ұлттық Банк мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, реттеуші база мен заңнамалық түзетулерді әзірлеуде. Бұл қадамдар еліміздегі цифрлық активтер нарығын дамытып, қаржы жүйесіне заманауи инновациялық сервистерді енгізуге жол ашады.