
Қазақстанда Мемлекеттік цифрлық активтер қоры – крипторезерв құрылады.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында айтып, Ұлттық банкке нақты тапсырма берген болатын. Қазір аталған қаржы институты тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп тұжырымдама әзірлеп жатыр.
Ұлттық банктің мәліметінше, тұжырымдамада крипторезервтің қалай құрылатыны, оның қаражат көздері, оны басқару тетіктері мен тәуекелдерді бағалау жолдары қамтылады. Сондай-ақ халықаралық тәжірибе ескеріле отырып, қордың ашықтығы, есептілігі және қауіпсіздігіне ерекше назар аударылмақ.
Алайда әзірге бұл қор қандай криптовалюталар есебінен қалыптасатыны белгісіз. Сондай-ақ қаржының нақты қай көзден алынатыны да анық емес. Ұлттық қор немесе Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) қаражаты пайдаланылуы мүмкін бе, бұл сұрақтың жауабы да әзірше нақтыланбаған.
Ұлттық банк өкілдерінің айтуынша, қордың қашан құрылатыны және қалай жұмыс істейтіні алдағы уақытта қабылданатын тұжырымдамада көрсетіледі.