Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Ұлттық банк сәуірде 1 млрд доллар сатуды жоспарлап отыр

Ұлттық банк сәуірде 1 млрд доллар сатуды жоспарлап отыр
Ресми мәлімет бойынша, наурыз айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 504,27 теңгеге дейін 1%-ға әлсіреген.

Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі 1 айда 237 млн АҚШ долларынан 243 млн АҚШ долларына дейін ұлғайды. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 4,1 млрд АҚШ долларын құрады.

Ұлттық банктің мәліметінше, наурызда Ұлттық қордан 748 млн АҚШ долларына валюта сатылды. Бұл өз кезегінде республикалық бюджетке трансферттер бөлуге, сондай-ақ «Талдықорған-Үшарал» магистральдық газ құбырын салуға қатысты инфрақұрылымдық жобаны қаржыландыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 18%-ын немесе күніне шамамен 44 млн АҚШ долларын құрады.

Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдері бойынша Ұлттық банк сәуірде республикалық бюджетке трансферттер бөлуге Ұлттық қордан 950 млн АҚШ долларынан 1050 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатылады деп күтеді.

«Айналау» операциялары аясында наурызда 249 млрд теңге айықтырылды, нәтижесінде 1-тоқсандағы айықтырудың жалпы көлемі 742 млрд теңгені құрады. 2-тоқсанда осы мақсатта шамамен 640 млрд теңге көлемінде валюта сатылымы күтіледі, оның ішінде сәуірде – 213 млрд теңге.

Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде, сондай-ақ «айналау» тетігін іске асыру кезінде Ұлттық банк нарықтық бейтарап қағидатын ұстанады. Бұл өз кезегінде шетел валютасын ұдайы және біркелкі сатуды білдіреді», - делінген Ұлттық банк хабарламасында.  

Ұлттық банк наурыз айында валюталық интервенция жүргізген жоқ.

Квазимемлекеттік сектор субъектілерінде валюталық түсімнің бір бөлігін міндетті сату нормасы аясында өткен айдың қорытындысы бойынша валюталық түсімді сату көлемі шамамен 376 млн АҚШ долларын құрады. Квазимемлекеттік сектор компаниялары валюта нарығында екінші деңгейлі банктер арқылы дербес сатуды жалғастыруда.

БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 40% деңгейінде ұстап тұру үшін Ұлттық банк наурызда биржалық сауда-саттықта шетел валютасын сатып алды. Оның жалпы сомасы 250 млн АҚШ долларын немесе нарықтағы жалпы көлемнің шамамен 6%-ын құрады. Ұлттық банк БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін сенімгерлік басқарушы ретінде олардың сақталуын қамтамасыз етуді және ұзақмерзімді кезеңде нақты табыс алуды көздейді. Осыған байланысты валюта сатып алу – нарықтық конъюнктураға байланысты жүзеге асырылады. Бұл ретте сәуірде валюта сатып алу көлемі 250 млн АҚШ долларынан аспайды.

Ұлттық банк транспаренттілік қағидаты аясында валюта нарығында жүргізілетін операциялар туралы толық ақпаратты ашып көрсету үрдісін жалғастырады. Қысқамерзімді перспективада теңгенің динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады.

Ұлттық банк теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстана береді.

Ұқсас материалдар