
Үкімет басшысы Олжас Бектенов балалардың қауіпсіздігі мен жазғы демалысты ұйымдастыру мәселесін көтерді.
«Биыл 200 мыңнан астам бала мектеп бітіреді. Міндет айқын. Барлық емтиханды, ұлттық бірыңғай тестілеуді, балалардың жазғы демалысы мен сауықтыру шараларын жоғары деңгейде ұйымдастыру керек. Тестілеу мен емтихан кезінде, «соңғы қоңырау» және мектеп бітіру кештерінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аудару қажет. Өйткені, дәл осы кезеңде түрлі келеңсіз жағдайлардың қаупі арта түседі. Ата-аналарға айтарым, мектеп бітіру кештерінде, ең бастысы жазғы демалыс кезінде балаларды қараусыз қалдырмаған жөн. Осыған баса көңіл бөлуді сұраймын», – деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Одан әрі Премьер-министр бала өмірі мен тәрбиесіндегі ата-ананың рөліне тоқталды.
«Ата-ананың аялы алақаны мен мейірімі баланың жанын жақсылыққа бөлейді. Олардың бойындағы адамгершілік негіздері, қоғамдық ортадағы іс-әрекеті мен отаншылдық қасиеттерінің барлығы, бірінші кезекте отбасында қалыптасады. Ешқандай министрлік ата-ана қамқорлығы мен тәрбиесін алмастыра алмайды. Еліміздің лайықты азаматтарын тәрбиелеу – мемлекет пен қоғамның бірлескен үлкен еңбегінің жемісі. Сондықтан саналы, білімді және нағыз отаншыл азаматтарды қалыптастыруда күш-жігерімізді нығайта түсейік дегім келеді», – дейді О. Бектенов.