Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты жиынға қатысушы спортшылар мен бапкерлерді Париж Олимпиадасындағы жетістіктерімен құттықтап, әрбір жеңіс зор ерік-жігер мен қажырлы еңбектің жемісі екеніне назар аударды.
Мемлекет басшысы, ең алдымен, Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтің жеңісіне ерекше тоқталды.
Ол байрақты бәсекенің алғашқы күндері Жақсылық Үшкемпіровтің даңқты жолын жалғады. Ел тарихында тұңғыш рет дзюдодан Олимпиаданың алтын медалін алды. Елдос бауырым, сен Олимпиадаға аттанар алдында маған және барлық спорт жанкүйерлеріне бар күш-жігерімді жеңіске жету үшін жұмсаймын деп уәде бердің. Сөзіңде тұрдың. Нағыз жігітсің! Біз бәріміз сені мақтан тұтамыз. Шын мәнінде, қатарынан үш рет Олимпиада жүлдегері атану – нағыз чемпионның қолынан келетін ерлік. Сенің жеңісті жолың спортшыларымызға жігер берді, барша халқымызды қуанышқа бөледі, – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев төртжылдықтың додасынан жүлдемен оралған өзге спортшыларға, бапкерлер мен атлеттерді дайындауға үлес қосқан азаматтарға алғыс айтты.
"Нариман Құрбановтың күміс жүлдесін тарихи жетістік деуге болады. Гимнастика шеберлері тұңғыш рет Олимпиада биігін бағындырып отыр. Демеу Жадыраев пен Нұрбек Оралбай тамаша өнер көрсетті. Мергендеріміз Александра Ле мен Ислам Сәтбаев нысана көздеуден қола медаль алды. Бұл – 28 жылдан бері еліміздің осы спорт түрінен алған алғашқы жүлдесі. Балуан Ғұсман Қырғызбаев пен боксшы Назым Қызайбай жүлдегерлер қатарына қосылды. Жалпы барлық мемлекет Олимпиадаға ең мықты спортшыларын жібереді. Шын мәнінде, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып, әлемдік бәсекеде жеңіске жету оңай емес. Мұндай жаһандық додада ел қоржынына түскен әр медальдің орны айрықша. Сондықтан бүгін мен Олимпиада жүлдесіне ие болған барша спортшыларымызға шынайы ризашылығымды білдіремін", деді Мемлекет басшысы.