Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Мәжіліс Цифрлық кодекс жобасын мақұлдады

Мәжіліс Цифрлық кодекс жобасын мақұлдады

 Мәжіліс депутаттары Цифрлық кодекс жобасы мен оған қатысты екі ілеспе заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Құжаттарды Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Екатерина Смышляева таныстырды.

Жаңа кодекс цифрлық ортаға құқықтық мәртебе беріп, деректер мен платформаларды азаматтық айналымға енгізуге бағытталған. Енді цифрлық деректер, жүйелер мен инфрақұрылым құқық объектісі ретінде танылмақ.

«Цифрлық деректер алғаш рет құқық объектісі ретінде танылады. Бұл деректердің экономикалық құндылыққа ие болып, азаматтық айналымға қатысуына мүмкіндік береді», – деді депутат Смышляева.

Кодекс қабылданған жағдайда, eGov сияқты мемлекеттік цифрлық жүйелер мен онлайн қызмет көрсету платформаларына «ұлттық объект» мәртебесі беріледі. Бұл оларды жекешелендіруден немесе шетелдік меншікке өтіп кетуден қорғайды.

Құжатта электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) құжаттарға қол қоюдың негізгі тәсілі ретінде бекітіледі. Сонымен қатар, онлайн қызметтерде цифрлық растау тетігін пайдалану мүмкіндігі қарастырылған.

Кодекс электронды құжаттарды үш санатқа бөледі:

  1. Электронды құжаттар – ЭЦҚ қойылған және қағаз нұсқамен теңестірілетін құжаттар;
  2. Цифрлық құжаттар – мемлекеттік базадан автоматты түрде алынатын түпнұсқа анықтамалар;
  3. Цифрлық мәліметтер – ресми дереккөздерден алынған заңдық мәні бар ақпараттар (мысалы, ІІМ немесе жылжымайтын мүлік реестрінен алынған деректер).

Сонымен қатар, заң жобасында алғаш рет «цифрлық дәлел» ұғымы енгізіліп отыр. Бұл сот істерінде электронды жазбаларды, журналдар мен транзакцияларды дәлел ретінде пайдалануға мүмкіндік береді.

Тағы бір жаңа ұғым – «цифрлық делдал». Ол арқылы Yandex Go, Glovo, Kaspi, Wildberries, OZON, krisha.kz сияқты цифрлық платформалардың жұмыс тәртібі мен жауапкершілігі заңмен реттелмек.

Екатерина Смышляеваның айтуынша, жаңа кодекс азаматтар мен ұйымдарға цифрлық ортада өзара іс-қимыл жасау тәртібін жеңілдетіп, құқықтық айқындықты арттырады.

Ұқсас материалдар