Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Олжас Бектенов құрылыс саласын цифрландыруға қатысты нақты 3 тапсырма берді

Олжас Бектенов құрылыс саласын цифрландыруға қатысты нақты 3 тапсырма берді

Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов тиісті ведомстволар мен өңір әкімдіктеріне оларды шешу үшін нақты 3 тапсырма жүктеді. 

 Елімізде құрылыс саласын цифрландыру барысында бірқатар кемшілік пен үйлестіру жұмыстарына қатысты мәселелер анықталды.

– Құрылыс блогын цифрландыруды ерекше әрі тұрақты бақылауда ұстау керек. Осыған байланысты мынандай негізгі міндеттерге тоқталғым келеді. Бірінші, өткен жылдың қараша айында 89 қалада инфрақұрылымдық деректердің геопорталы арқылы рұқсат құжаттамасын беру мен эскиздік жобаларды келісудің пилоттық жобасы іске қосылды. Нәтижесінде бірқатар елді мекенде нақты шекаралардың бекітілген бас жоспарлармен сәйкес келмеуі, сондай-ақ кейбір жер учаскелерінің дұрыс берілмегені анықталды.

Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және құрылыс министрліктеріне, өңір әкімдіктеріне және «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясына осы жылғы 1 қыркүйекке дейін деректердегі сәйкессіздіктерді жоюды тапсырамын. Екінші, құрылыстағы жасанды интеллект жобалау, қала құрылысын басқару ісінде және басқа да салаларда шешім қабылдау кезінде көмекшіге айналуға тиіс.

Цифрлық даму, өнеркәсіп және құрылыс министрліктеріне құрылыс салу тығыздығын инфрақұрылымды дамытудың техникалық шарттары мен деңгейіне сәйкестігін қоса алғанда, 1 ай мерзімде құрылыс саласындағы ЖИ модульдерінің ауқымын кеңейту бойынша шешімдерді әзірлеуді тапсырамын. Үшінші, инженерлік желілерге қосылу үшін техникалық шарттар беру рәсіміне бизнес пен тұрғындардың тарапынан көптеген шағым түсіп жатыр. Оларды берудің қолданыстағы бұлыңғыр, тым ұзақ әрі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін күшейтеді. Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қала құрылысы кадастрлық жүйесі арқылы техникалық шарттарды міндетті түрде цифрлық форматта беру жөнінде жүйелі шараларды қабылдауды тапсырамын, – деді Үкімет басшысы.

Бақылау мен үйлестіру Роман Склярға жүктелді.

Ұқсас материалдар