Олжас Бектенов Қазақстанның Премьер-Министрі лауазымына тағайындалды.
Айта кетейік, түске дейін Amanat партиясы оның кандидатурасын Президентке ұсынған болатын. Түстен кейін Президент Мәжіліске ұсынды.
Мәжіліс депутаттары Үкімет басшысы кандидатурасын талқылағаннан кейін «Қазақстан Республикасының Президентіне Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі лауазымына Бектенов Олжас Абайұлын тағайындауға келісім берілсін» деген қаулы жобасына дауыс берді.
Дауыс беру барысында жалпы отырысқа қатысқан депутаттардың 69-сі оның кандидатурасын қолдады. Олар "Ақ жол", Amanat, "Республика" және "Ауыл" партиясының депутаттары. Ал ҚХП мен ЖСДП-ның 7 депутаты қалыс қалды.
Жаңа тағайындалған Премьер-Министр Президенттің жүктеген жоғары сенімін ақтауға бар күш-жігерін салатынын айтты. Оның айтуынша халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында Үкімет батыл әрі тиімді қадамдар жасайды.
«Мұнай-газ және көмір химиясы, металды терең өңдеу, мащина жасау, автобөлшектер шығару, яғни жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын салаларды барынша дамытамыз. Отандық өндірісімізді ынталандыруға бағытталған нақты шаралар қабылданады. Реттелетін сатып алу аясында Қазақстанда жасалған тауарлардың үлесін арттырып, ондықтық өндірушілерді қолдау мақсатында офтейк жүйесін толық іске қосамыз. Басты мақсат — басқа елдің емес, өзіміздің ұлттық бизнесімізді қолдау. Ауыл шаруашылығы саласының зор әлеуетін дұрыс пайдалану маңызды. Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеуге назар аударамыз. Электр қуаты, жылу әрі сумен қамтамасыз ету бағытында белсенді жұмыс атқарамыз. Тиімсіз шығындарды қысқартып, үнімделген қаражат инфрақұрылымды жаңартуға бағытталады. Көлік-логистика саласын дамытып, еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру — Үкімет жұмысындағы басымдықтардың бірі болатыны сөзсіз. Цифрландыру, жасанды интеллектің қолдану саласын кеңейту, есептеу қуаттарын ұлғайту, аса маңызды міндеттер. Мемлекет басшысы белгілеген заң мен тәртіп қағидатын жүзеге асыруға бағытталған шаралар қабылдаймыз. Басқа да халықтың көкейінде тұрған өзекті мәселелер үнемі Үкіметтің назарында болады. Үкімет халқымыздың игілігіне, еліміздің өркендеуіне қызмет етеді», — деді Үкімет басшысы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан жасақталатын Үкіметке жаңа қарқынмен жұмыс істеу қажет екенін айтты.
Алдымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық саясатына жаңа серпін беру керектігін атап өткен Президент «Қазір алдымызда өте ауқымды, биік мақсаттар тұр. Сондықтан дереу жұмысқа кірісу қажет. Егер біз 5 жылдан кейін экономикамызды 2 есе ұлғайтамыз десек, жаңа экономикалық модель керек. Әлеуметтік-экономикалық дамуға жаңа көзқараспен қарау қажет. Соған байланысты Үкіметтің қаржы-экономикалық блогы өзгереді. Жаңа тұлғалар тағайындалады», — деді.