Қаржылық мониторинг агентігінің таратуынша, ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деп күдіктелуде.
Қайырымдылықтың негізгі бөлігі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлікті сатып алу мақсатына пайдаланылды.
Ол осы көктемде Астананың қымбат автосалондарынан бірнеше элиталық көлік сатып алған:
Mercedes-Benz S450 – құны 88 миллион теңге;
Lexus LX-600 – құны 80 миллион теңге;
Haval – құны 39 миллион теңге.
«Осы кезеңде ол жалпы сомасы 600 млн теңгені құрайтын елорданың премиум санаттағы «Akbulak Riviera», «Highvill Ishim Gold», «Көк Жайлау» ТК (тұрақ орындарын қоса алғанда), сондай-ақ «Vela Village» коттедж қалашығында жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алды», – делінген ақпаратта.
Сонымен қатар, қазақстандықтардың қайырымдылыққа жіберген қаражат есебінен Перизат Қайрат Дубай, Доха, Лондон және Стамбулдағы «St. Regis», «Shangri-La», «Palazzo Versace» және «Kempinski» сияқты бес жұлдызды қонақ үйлерде демалған.
«Бұл елдерде ол «Cartier» және «Louis Vuitton» сияқты брендтердің қымбат аксессуарлары мен зергерлік бұйымдарды сатып алып, фешенебельді мейрамханаларға барып, яхталарды жалдаған», – Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі.
Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін достары мен туыстарына 8% сыйақы беріп, қордың ақшасы қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.
Осылайша, Перизат Қайрат өзінің заңсыз әрекеттерімен еріктілер қозғалысының беделіне нұқсан келтіріп, оның ашықтық пен адалдық принциптеріне күмән келтірді және халықтың сеніп тапсырған қаражатын талан-таражға салған.
Күдікті ұсталды.
Перизат Қайрат – «BizBirgemiz Qazaqstan» қайырымдылық қорының басшысы. Көктемдегі ауқымды су тасқыны кезінде халықтың қайғысын өз жүрегінен өткізгендей болып, президентке бейнеүндеу жолдады. Онда мемлекеттік көмек жоқ екенін айтып, жанайқайын жеткізді. Алайда, бұл үндеуді көп ұзамай әлеуметтік желілерден өшіріп тастады.
«Егер сіз Перизат Қайраттың алаяқтық әрекеттерінің құрбаны болсаңыз Қаржылық мониторинг агенттігіне немесе +7 (7172) 70-33-89 (қосымша 21384) телефон нөмірі бойынша хабарласуыңызды сұраймыз», – деп мәлімдеді Қаржылық мониторинг агенттігі.