
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында тау-кен саласын дамыту мақсатында бірқатар міндет жүктеді.
«Өнеркәсіп министрлігі ірі тау-кен кәсіпорындарымен бірлесіп, осы жылдың 1 қазанына дейін жоғары деңгейде өңделген өнімдер шығару бойынша шаралар кешенін әзірлесін. Жүйе түзуші кәсіпорындар айналасында шағын және орта бизнес белдеуін құруды ынталандыратын іс-шараларды ескеру қажет. Өнеркәсіп министрлігі «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, аса маңызды және сирек металдар негізінде технологиялық тұрғыдан инновациялық өнім өндірісін дамытуға тиіс. Жобалар қосылған құны жоғары өнімдер жасауға бағытталуы қажет», – деді Олжас Бектенов.
Бұл технологиялық күрделі өндірістерді дамыту үшін қажетті құзыреттерді күшейтіп, өсу әлеуетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Сондай-ақ тұйық циклды экономиканы құру үшін металдар мен өндіріс қалдықтарын қайта өңдеу шараларын әзірлеген жөн. Ғылым және жоғары білім министрлігі Өнеркәсіп министрлігімен бірлесіп, бір ай мерзімде сала мамандарын даярлау бағдарламасын дайындауға тиіс. Сондай-ақ ғылымды өндіріске қажетті жаңа технологияларды әзірлеп, енгізуге белсенді түрде тарту керек», – деді Үкімет басшысы.