
Президентке ұлттық компания қызметінің нәтижелері туралы мәлімет берілді.
Талғат Алдыбергенов биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша эксплуатациялық жүк айналымы 8,6 пайызға ұлғайғанын айтты.
Транзит тасымалының көлемі 14,6 миллион тоннаға жеткен.
Трансұлттық теміржол дәлізін қалыптастыру үшін 1700 шақырымнан астам жаңа желі салынып, 3 мың шақырым жол жаңғыртылып жатқаны туралы баяндады:
биыл Достық-Мойынты учаскесіндегі жолдың екінші бөлігі және Алматы бекетін айналып өтетін темір жол желісінің құрылысы аяқталады;
Дарбаза – Мақтаарал жобасын іске асыру жалғасуда;
Бақты – Аягөз және Қызылжар – Мойынты желілерінің құрылысы басталды.
Терминал желілерін кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатқаны жөнінде мәлімет берді.
Цифрландыру мәселесіне айрықша назар аударылатынын жеткізді:
Әлемдік деңгейдегі инновацияның көшбасшыларымен бірлесіп, теміржол көлігінің сапасын жақсарту және қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары қолға алынған;
Транскаспий халықаралық көлік дәлізіндегі транзиттік декларацияны ресімдеу уақыты 8 сағаттан 30 минутқа дейін қысқарды.