Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Президент Парламентті реформалау барысын талқылады

Президент Парламентті реформалау барысын талқылады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының қызметіне арналған жұмыс кеңесін өткізді.

Жиынға Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мен Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Ерлан Қарин Президентке жұмыс тобының аралық нәтижелерін баяндады. Оның айтуынша, e-Otinish платформасы мен Egov жүйесіндегі «Парламенттік реформа» арнайы бөлім іске қосылғалы бері 500-ге жуық ұсыныс түскен. Қазіргі таңда азаматтардан, сарапшылардан және қоғамдық ұйымдардан келіп түскен бастамаларды талдау және жүйелеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін өткен отырыстарда бір палаталы Парламент құру және оның заңнамалық функцияларын іске асыру мәселелері талқыланған. Ал 9 қаңтарға жоспарланған кезекті жиында қалған бағыттар бойынша ұсыныстар қаралады.

Сонымен қатар Мемлекеттік кеңесші Ұлттық құрылтайдың жұмыс секцияларының желтоқсанда өткен отырыстарының қорытындысы және алдағы бесінші отырысқа дайындық барысы туралы ақпарат берді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламентті реформалау саяси жүйені жаңғыртуда шешуші рөл атқаратынын атап өтіп, барлық ұсыныстарды жан-жақты саралап, соның негізінде конституциялық реформаның базалық тәсілдерін әзірлеуді тапсырды.

Ұқсас материалдар