
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловты қабылдады.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа биылғы I жартыжылдықта 20 триллион теңгені қамтитын 12 мемлекеттік аудит жүргізілгені туралы баяндалды. Бұл 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,1 есеге артық, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, аудиторлық тексерістер орта білім беру, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, цифрлық даму, электр энергетикасы және жоғары жетістіктер спортын қаржыландыру секілді негізгі салаларды қамтыған.
Үкіметке және аудит жүргізілген нысандарға 60-тан астам ұсыным мен 450 тармақтан тұратын ұйғарым берілді. 20 факті бойынша іс материалдары құқық қорғау органдарына жолданды.
Президентке Жоғары аудиторлық палатаның ұсынысымен әзірленген заңнамалық бастамалар жөнінде егжей-тегжейлі мәлімет берілді. Мәселен, енді Жоғары аудиторлық палата бюджеттен тыс қорларды тексеру құзыретіне ие болды.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Ұлттық қор қаржысын мониторингтеу жөніндегі комиссия жұмысы қайта ұйымдастырылды. Бұл Қор қаражатының жұмсалуына бақылауды күшейтіп, жариялылықты арттыруға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, жылыту маусымына дайындыққа салғырт қарағаны үшін жылумен қамтамасыз ететін кәсіпорындар мен олардың бірінші басшыларының жауапкершілігін күшейту, сондай-ақ нарықтың барлық субъектілеріне арналған тауарлы газдың бөлшек бағасына мемлекеттік бақылауды кеңейту секілді маңызды бастамалар бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аудит жүйесін кезең-кезеңімен дамытуды тапсырды. Бұл ретте оның тиімділігі мен ашықтығына баса мән берген жөн.
Президент мемлекет қаражатының жұмсалуын бақылауға заманауи цифрлық технологияларды енгізу маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар басы артық шығындарды азайту, ұлттық ресурстардан түсетін пайданы барынша еселеу қажет екеніне назар аударды.