Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Президентке уран саласын дамытудың 2034 жылға дейінгі жоспары таныстырылды

Президентке уран саласын дамытудың 2034 жылға дейінгі жоспары таныстырылды

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазатомөнеркәсіп басқарма төрағасы Мейіржан Юсуповты қабылдап, компанияның даму жоспары мен өндірістік көрсеткіштерімен танысты.

Кездесу барысында өткен жылдың қорытындылары баяндалды. 2025 жылы уран өндірісі 25,8 мың тоннаға жетіп, оның 13,5 мың тоннасы компания үлесіне тиесілі болды. Ал сауда көлемі 11%-ға өсіп, 18,5 мың тоннаны құрады.

Компания минерал-шикізат базасын кеңейту бағытында жұмыстарды жалғастырып келеді. Жалпы ауданы 1000 шаршы шақырымнан асатын алты жаңа перспективалы уран учаскесі анықталған. 2030 жылға дейін геологиялық барлауға 75-85 млрд теңге инвестиция салу жоспарланған.

Сонымен қатар уран өндіруші өңірлерді қолдау шаралары да жүзеге асуда. 2025 жылы компания өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына 11 млрд теңгеден астам қаржы бөлген.

Халықаралық ынтымақтастық аясында AxpoPower AG, ČEZ Group және Kansai Electric Power Co., Inc. компанияларымен уран жеткізу туралы келісімдер жасалған. Қазіргі уақытта Үндістанмен ұзақмерзімді келісімшарт бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Бұдан бөлек, кәсіпорын 2034 жылға дейінгі ғылыми-технологиялық даму стратегиясын әзірлеп, өндіріс тиімділігін арттыруға және экологиялық әсерді азайтуға бағытталған жобаларды іске асыруда.

Кездесу қорытындысында Президент ресурстық базаны дамыту, халықаралық әріптестікті кеңейту және әлеуметтік жобаларды жалғастыру бойынша бірқатар тапсырма берді.

Ұқсас материалдар