Нұр-Сұлтан. 8 маусым. 7kun.kz – Парламент Мәжілісінің депутаты Юрий Ли қаржы пирамидаларын жарнамалаған атақты адамдар, блогерлер мен вайнерлерді жазалау туралы айтты, деп хабарлайды 7kun.kz.
"Мен түзетулер енгізілгеннен (заңдарға- ред.) кейін атақты адамдар, блогерлер, вайнерлер және басқа да қоғамдық пікір көшбасшылары белгілі бір қаржы өнімдерін жарнамалау кезінде мұқият және жауапты болатынына сенімдімін. Оның үстіне, бұл әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған", - деді депутат.
Айта кетейік, бүгін Мәжілісте заңдарға қаржы пирамидаларына қатысты өзгеріс енгізу мәселесі талқыланды. Өзгерістер күшіне енсе қаржы пирамидаларын жарнамалағандарға 2 мың АЕК айыппұл (6,1 млн теңге) немесе 600 сағатқа қоғамдық жұмыстарға міндеттеу жазасы тағайындалуы мүмкін. Депутаттар талқылаған қаржы пирамидаларына қатысты өзгерістер мынаны көздейді:
- қаржы (инвестиция) пирамидаларын құру және басқару үшін санкциялардың жоғарғы шегін арттыру;
- қаржы (инвестиция) пирамидаларын жарнамалау үшін қылмыстық жауапкершілікті белгілеу;
- сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған Ішкі істер органдарына немесе экономикалық тергеу қызметіне қаржы (инвестиция) пирамидаларын жарнамалау туралы қылмыстық істер бойынша тергеулігін айқындау;
- қылмыстық іс-әрекеттерді әкімшілік құқық бұзушылықтардан ажырату;
- құқығы жоқ тұлғалардың пайдасына жеке және заңды тұлғалардың ақшасын және өзге де мүлкін тартуға байланысты жарнама қызметіне тыйым салуды енгізу.
"Сондай-ақ, екі жылға дейін бас бостандығын шектеу қарастырылған, бұл қылмыстық құрамға байланысты. Онда қылмыстық жаза 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру және дүние-мүлкін тәркілеу түрінде көрсетілуі мүмкін. Бұл қылмыстың алдын алудың өте қатаң шарасы", - дейді Ли.