Қашқын экс-банкир Әблязовтың тағы бір сыбайласы Қазақстанға өз еркімен оралды
Бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовтың тағы бір сыбайласы Алексей Богданов Қазақстанға өз еркімен оралды, деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің баспасөз қызметі.
«Жақын туыстарымен және күдіктінің адвокатымен жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесі бойынша Богданов Интерпол мен министрліктің көмегімен 15 мамырда Қазақстанға оралып, тергеуге көмектесуге ниет білдірді Богданов Брюссельден Алматы қаласына келді», - делінген хабарламада.
«Күдіктінің өз еркімен оралуы, кінәсін толық мойындауы және тергеумен ынтымақтастығы ескеріліп, Богдановқа қатысты бұрын таңдалған қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы кепілге өзгерту енгізілді. Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде», деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет.
Богданов 2009 жылдан бері іздеуде болған. Ол 300 миллион теңгеден астам сомаға банк қаражатын ұрлауда пайдаланылған Metropolitan Manageres Corp (BVI) оффшорлық компаниясының номиналды өкілі, «Беловодск крахмал зауыты» ЖАҚ басқарма төрағасы және «Маис Агро» ЖШС маманы қызметін атқарған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жетекшілігімен ведомствоаралық тергеу-жедел тобы ұйымдасқан қылмыстық қоғамдастықтың құрамында жасалған ұрлық және ақшаны жылыстату фактілері бойынша «БТА Банкі» АҚ-ның бұрынғы топ-менеджментіне қатысты қылмыстық істі тергеуді жалғастыруда.
Ұзақ жылдар бойы шетелде тұрып жатқан Әбілязовтың өзі Қазақстанда екі рет сырттай сотталды: қылмыстық қоғамдастықты басқарғаны, БТА банкінің ақшасын ұрлағаны, банк ақшасын заңсыз пайдаланғаны және билікті асыра пайдаланғаны үшін 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ «ТұранӘлем Банкі» АҚ басшысы Ержан Тәтішевті өлтіруді ұйымдастырғаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.