Алматы. 27 наурыз. 7kun.kz – 2018 жылы мұнайға әлемдік сұраныс тәулігіне 99 млн баррелді құрады.
Бұл туралы Халықаралық энергетикалық агенттіктің (ХЭА) «2018 жылғы жаһандық энергетика және көмірқышқыл газының шығарындылары туралы» баяндамасында айтылған.
Сарапшылардың пікірінше, шикізатты тұтыну 2018 жылы 1,3%-ке артты. Өткен жылдың ІІІ тоқсанында бұл көрсеткіш тәулігіне 99,92 млн баррельді құрады, бірақ IV тоқсанда өсім баяулады. 2019 жылы мұнай сұранысы тәулігіне 100,8 млн баррельге жетуі мүмкін деп болжануда.
Агенттіктің мәліметінше, әлемдік энергетиканың ең үлкен үлесі қара алтынға - 31% тиесілі, көмір - екінші орында (26%).
«Әлемдік мұнай тұтынудың шамамен 20%-і АҚШ-қа, 15%-і Еуропаға және 13%-і Қытайға тиесілі. Бұл ретте 2018 жылы мұнайға сұраныстың ең жоғары өсу қарқынын Үндістан (+4,5%) көрсетті. Қытайда тұтыну 3,5%-ке, АҚШ-та 2,7%-ке, ал Еуропада тек 0,1%-ке өсті», - делінген баяндамада.
Сонымен қатар, CIA World Factbook (CWF) әлемдік мұнай қорын есептеді. Осылайша, менеджмент сарапшылары ірі мұнай қорлары бар елдер тізімін жасады. Бірінші кезекте Венесуэла болды, онда 300,9 млрд баррель шикізат бар. Айта кету керек, бұл көрсеткіш елді экономикалық дағдарыстың салдарынан сақтап қалмады.
Екінші орында Сауд Арабиясы (266,5 млрд баррель), одан кейін Канада (169,7 млрд баррель) тұр.
Өз кезегінде Қазақстан 12-ші орынға ие. Елімізде 30 млрд баррель мұнай бар.