Бүгін Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде «Қазақстанды монеталар арқылы зертте!» атты экспозициялық көрме ашылды, деп хабарлайды 7kun.kz.
Көрме ұлттық валюта – теңгенің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған. Сонымен қатар Ұлттық банктің жаңа инвестициялық монеталарын, коллекциялық және инвестициялық монеталарды шығару саласында Қазақстанда қолданылып жатқан жаңа технологияларды таныстыру мақсатында өткізілуде.
Көрмеде теңге айналымға енген сәттен бастап шығарылған бірегей монеталар ұсынылған. Олар арқылы Қазақстанның мәдени, саяси, тарихи сәттерімен танысуға болады.
Көрмеге келушілер алтыннан, күмістен, сондай-ақ басқа да бағалы емес металдардан соғылған 150-ден астам түрлі монетамен таныса алады. Олардың ішінде халықаралық байқауларда үздік деп танылғандары мен салмағы 1 кг болатын, сирек кездесетін монета үлгілері де бар.
Көрменің ашылуы кезінде ребрендинг жасалған Kokbori инвестициялық монетасы да таныстырылды. Жаңа монетада «Көшпенділердің қасиетті жануарлары – тотемдері» атты монеталар сериясының дизайн стилі пайдаланылған.
ҚР Ұлттық банкі мен Қастеев музейі бірге өткізіп жатқан көрме музейдің конференс-залында ертеңге дейін жалғасады.