Ұлттың болашағы – білімді де тәрбиелі ұрпақ. Ал сол ұрпақтың дүниетанымын қалыптастырып, өмірге бағыт-бағдар беретін тұлға – ұстаз. Сондықтан педагог мамандарды даярлау ісі қашанда мемлекет дамуының стратегиялық бағыты саналады.
Осы жауапты міндетті 80 жылдан астам уақыт бойы абыроймен атқарып келе жатқан Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті бүгінде дәстүрлі педагогикалық мектеп пен заманауи білім беру үрдісін ұштастырған жетекші жоғары оқу орындарының біріне айналды. Бүгінде университет дәстүрлі педагогикалық мектепті заманауи білім беру талаптарымен ұштастырып, жаңа буын мұғалімдерін даярлауға басымдық беріп отыр.
Қазақстанмен қатар ТМД және Орталық Азия кеңістігіндегі қыздарға арналған бірегей білім ордасы саналатын QyzPU сапалы біліммен бірге ұлттық тәрбие мен әдеп құндылықтарын бойына сіңірген, ғылым мен инновацияны меңгерген бәсекеге қабілетті жас мамандар даярлауды басты миссиясына айналдырған. Бүгінде университет заманауи педагог бейнесін жаңаша қалыптастырып, жаңа даму кезеңіне сенімді қадам басып келеді.
Осы бағыттағы жұмыстардың нақты көрінісі ретінде Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Мектеп – университет – нарық: білім берудің жаңа архитектурасы» атты педагогикалық идеялар фестивалі аясында республикалық БАҚ өкілдеріне арналған арнайы баспасөз туры ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында журналистер университеттің Басқарма төрағасы – ректор Бейбіткүл Сәрсемханқызы Кәрімовамен кездесіп, оқу орнының миссиясы, стратегиялық даму бағыттары мен бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы жан-жақты ақпарат алды. Бұқаралық ақпарат құралдарымен ашық әрі тұрақты байланыстың маңызына тоқталған университет ректоры: «Біз бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен әрдайым ашық әрі тығыз байланыс орнатуға мүдделіміз. Сіздердің кәсіби пікірлеріңіз бен шынайы бағаларыңыз университет үшін аса маңызды», – деді.
Дөңгелек үстел форматында өткен еркін пікір алмасу кезінде журналистер университеттің негізгі көрсеткіштері, білім сапасы, студенттердің әлеуметтік жағдайы және даму жоспары жөніндегі сауалдарын қойды. Баспасөз турының ерекшелігі – журналистердің университет тынысымен тек сырттай танысып қана қоймай, оқу және ғылыми ортаның жұмысын тікелей көруінде болды.
Алдымен медиа өкілдері жалпы білім беретін мектептерге шахмат пәні мұғалімдерін даярлауға бағытталған заманауи білім беру алаңы – KazChessLab зертханасында болып, мектеп бағдарламасына енгізіліп жатқан шахмат пәнін оқытатын мамандар даярлаудағы тың тәжіриеге куә болды.
Сонымен қатар журналистер QyzPU медиастудиясының, Баспасөз қызметі редакциясының, жаңартылған хореография залының және Серәлі Қаниев атындағы кітапхананың жұмысымен танысты. Қыш өнері кабинеті, Coffee Book кеңістігі мен Дизайн және бейнелеу өнері студиясы да университеттің шығармашылық әлеуетін айқындайтын маңызды орталықтардың бірі ретінде назар аудартты.
Университеттің ғылыми-инновациялық мүмкіндіктері де ерекше қызығушылық тудырды. БАҚ өкілдері Coding School, Apple Lab, 3D Lab, Молекулалық физика және термодинамика зертханасы, Биотехнологиялық зерттеулер зертханасы мен PHYWE интерактивті кабинетінің жұмысымен танысты.
Бұл зертханалар студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып қана қоймай, ғылыми ойлау мәдениетін қалыптастырып, зерттеушілік қабілеттерін дамытуға бағытталған. Журналистер ғалымдар мен студенттер жүзеге асырып жатқан ғылыми жобаларды, жаңа бастамалар мен зерттеу еңбектерін көріп, ғылыми қауымдастықпен пікір алмасты.
Баспасөз туры аясында халықаралық қатынастар бөлімінің жұмысы да таныстырылды. Университеттің шетелдік серіктес оқу орындарымен байланысы, академиялық ұтқырлық бағдарламалары және халықаралық меморандумдар негізінде білім алып жатқан студенттердің оқу үдерісі жөнінде кеңінен ақпарат берілді.
Бүгінде QyzPU халықаралық ынтымақтастықты жүйелі дамытып келеді. Қазіргі таңда университет әлемнің 23 еліндегі 83-тен астам жоғары оқу орны және ғылыми орталықтармен серіктестік байланыс орнатқан. Бұл өз кезегінде білім мен ғылым саласындағы үздік тәжірибелерді енгізуге, оқытушылар мен студенттердің халықаралық деңгейдегі мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашып отыр.
Қазіргі уақытта университетте 12 мыңнан астам студент білім алады. Олардың географиясы Қазақстанмен ғана шектелмейді. QyzPU қабырғасында Өзбекстан, Моңғолия, Қытай, Ресей, Түрікменстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан келген жастар да білім алып жүр. 2025-2026 оқу жылында шетелдік студенттер саны 182-ге жетті. Бұл оқу орнының халықаралық беделі мен сапалы білім кеңістігі ретінде қалыптасқанын көрсетеді.
Заманауи даму және халықаралық бедел
QyzPU бүгінгі таңда тек тарихи мұрамен ғана емес, заманауи даму көрсеткіштерімен де ерекшеленеді. 2026 жылы университет тұрақты даму бойынша әлемдік университеттер рейтингінде 1501+ позициясына ие болды. Азия университеттері рейтингінде 1001-1100 аралығына еніп, Орталық Азия жоғары оқу орындары арасында 59-орынға тұрақтады. Ал QS Stars халықаралық рейтингтік жүйесінің 4 жұлдызды мәртебесі университеттің халықаралық академиялық кеңістіктегі беделін айқындай түседі.
Университеттің 2025-2029 жылдарға арналған даму жоспары жаһандық бәсекеге қабілеттілікті күшейтуге, білім сапасын арттыруға және ғылымды дамытуға бағытталған. Білім беру бағдарламалары халықаралық аккредитациядан өткен. Бакалавриат бағдарламаларының 98 пайызына «Жасанды интеллект негіздері» пәні енгізілген. Екі мыңнан астам студент Coursera платформасы арқылы онлайн курстардан өтіп, жаңа дағдыларды меңгерген. Сонымен қатар университетте Lesson Study зерттеу жобасы енгізіліп, педагогикалық тәжірибені ғылыми тұрғыда жетілдіруге басымдық берілуде.
Қазіргі заман университетінің бәсекеге қабілеттілігі ғылыммен өлшенеді. Бұл бағытта QyzPU нақты нәтижелерге қол жеткізіп келеді. 2025 жылы университет ғалымдарының Scopus базасында – 139, Web of Science базасында – 71 ғылыми мақаласы жарық көрді. 2026–2028 жылдарға арналған ғылыми жобалар байқауына 59 жоба ұсынылған.
Университетте ғылыми-зерттеу бағытындағы заманауи инфрақұрылым қалыптасқан. Мұнда Coding School, Apple Lab, 3D модельдеу зертханасы, биотехнология зертханасы, рентген-фазалық талдау орталығы және жаңа материалдарды синтездеу зертханасы жұмыс істейді.
Қазақстан шахмат федерациясының қолдауымен ашылған KazChessLab инновациялық зертханасы да – тың жобалардың бірі. Университет базасында «Шахмат мұғалімі» қосымша біліктілігі бойынша алғашқы мамандар даярланған.
Алдағы уақытта филология, әлеуметтану, жасанды интеллект және STEM-білім беру бағыттарында жаңа ғылыми журналдарды шығару жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда университет әлемнің 23 еліндегі 83 жоғары оқу орны және ғылыми орталықпен серіктестік орнатқан. Соңғы бір жылдың өзінде 13 жаңа меморандумға қол қойылып, жоғары Хирш индексіне ие 35 шетелдік ғалым тартылған.
QyzPU Michigan State University, The Education University of Hong Kong, University of Sussex және University of Reading секілді беделді оқу орындарымен ынтымақтастықты дамытып келеді.
Сонымен қатар университетте жастардың шығармашылық және әлеуметтік дамуына ерекше мән беріледі. Бүгінде 130 жастар жобасы жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында «JUREKTEN JUREKKE», «Жақсылықпен бөліс», «Таза Қазақстан», «Қалайсың, студент?» бастамалары мен «Тұмар» студенттік театры бар.
Университеттің мәдени брендіне айналған «Томирис» би ансамблі мен аңызға айналған «Айгүл» вокалды-аспаптық ансамблі де студенттердің шығармашылық әлеуетін дамытуға үлес қосып келеді.
Іс-шара соңында құрылымдық бөлім басшыларымен еркін форматтағы пікір алмасу ұйымдастырылып, журналистер өздерін қызықтырған сауалдарға жауап алды. Осылайша, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті бүгінгі күні тек педагог мамандар даярлайтын оқу орны ғана емес. Ол – ұлттық құндылықтарды заманауи білім мен ғылым жетістіктерімен ұштастырып, жаңа буын ұстаздарын, интеллектуалды әрі бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелейтін іргелі білім ордасы. Дәстүр мен жаңашылдықты қатар ұстанған QyzPU жаңа кезеңдегі қазақстандық педагогиканың дамуына серпін беріп келеді.





