Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Роман Скляр Президент әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды

Роман Скляр Президент әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды

Роман Скляр Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы болып тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Ресми мәліметке сәйкес, Мемлекет басшысының Жарлығымен Роман Скляр аталған қызметке келіп, бұрынғы атқарған лауазымынан босатылған.

Роман Скляр – мемлекеттік басқару мен инфрақұрылым саласында ұзақ жылдық тәжірибесі бар тұлға. Еңбек жолын 1989 жылы өндірісте слесарь-монтажшы болып бастаған. Кейін түрлі коммерциялық құрылымдарда басшылық қызметтер атқарған.

2000-жылдардың басынан бастап мемлекеттік қызметке ауысып, Павлодар өңірінде бірқатар лауазымды қызметтерді атқарды. Атап айтқанда, мемлекеттік сатып алу басқармасын басқарды, облыс әкімінің аппаратына жетекшілік етті және қала әкімінің орынбасары болды.

Әр жылдары Астана қаласында инфрақұрылым саласына жауапты қызметтерде жұмыс істеп, кейін Павлодар облысы әкімінің орынбасары және бірінші орынбасары қызметтерін атқарды.

2011–2013 жылдары Көлік және коммуникация вице-министрі болды. Сонымен қатар Қазақстан Темір Жолы ұлттық компаниясында вице-президент қызметін атқарды.

2016 жылы Мәжіліс депутаты болып сайланып, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетін басқарды. Кейін Ұлттық экономика вице-министрі, Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі қызметтерінде еңбек етті.

2019 жылдан бастап Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болды. Ал кейінгі жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары және бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. 2024 жылы Премьер-Министрдің міндетін уақытша атқарушы ретінде де жұмыс істеді.

Жаңа тағайындау Роман Склярдың мемлекеттік басқарудағы тәжірибесін ескере отырып жасалғаны атап өтілуде.

Ұқсас материалдар