Экономика
Редактор таңдауы
Samsung пен Lives’talk жоғалған малды табуға көмектесетін құрылғыны таныстырды
Алматы. 29 тамыз. 7kun.kz - Кореялық Lives’talk стартапы қазақстандық малшыларға көмектесетін құрылғы ойлап тапты, деп хабарлайды Samsung Қазақстан.
Кореялық Юн Янгчен 2 жыл бұрын қазақстандық фермерлердің өмірін қиындататын жағдайға назар аударған.
«Малшылар көп уақыты кең дала мен биік тауда мал іздеуге кетеді. Әрі кейде іздеу 5-6 сағатқа созылады. Бұл миға сыймайды»,- деп түйген ол сигнал бергіш құрылғы, қабылдаушы мен смартфонның көмегімен санаулы секундта жоғалған малды іздеп табатын құрылғы жасауға кіріскен.
Ізденіс нәтижесінде жасалған құрылғы биыл 1865 стартапшы қатысқан Samsung Tomorrow Solution конкурсында жеңімпаз болған. Айта кетейік, 2013 жылдан бері өткізіліп келе жатқан конкурсқа бүгінге дейін 7000-ға жуық команда, 30 000 астам адам қатысқан. Samsung Electronics 40-тан астам жеңімпазға $900,000 жуық сыйақы беріп, жобаның жүзеге асуына көмектескен.
Биылғы жеңімпаз жоба қазақстандық малшылардың проблемасын шешуге бағытталып отыр. «Бұл Қазақстандық малшылардың тұрмыстық проблемасына Samsung-тің штаб-пәтерінде назар аударды және екі мыңнан астам кейстің ішінде ең маңызды болды деген сөз»,-дейді Samsung.
Малдың құлағына бекітілген құрылғы Bluetooth арқылы малшының қолындағы ұялы телефонға белгі береді. Құрылғыда LoRa технологиясы арқылы белгі тарататын микрочипі бар GPS орнатылғандықтан интернет пен ұялы байланысты қажет етпейді. Нәтижесінде жоғалған малды санаулы секундта табуға мүмкіндік бар.
Samsung аталған жобаны жүзеге асыруға биыл 300 мың, алдағы жылдары 500 000 АҚШ долларын бөлмек. Командаға техникалық жағынан Samsung C-Lab жобасы көмектеседі.
Samsung-тің хабарлауынша 10 бас малға тағуға болатын құрылғы кешені 700 доллар тұрады. Стартапшылар құнын 300 долларға дейін төмендетпек әрі Дүниежүзілік банк пен Азия даму банкі тарапынан субсидиялауға қол жеткізбек.
Құрылғының қуаты үш күнге жетеді, әр 10 секунд сайын ақпарат беріп отырады. Әрекет ааумағы 5-6 шақырым. Малшының қолындағы құрылғы бір уақытта 1600 құрылғыдан сигнал қабылдай алады. Бұл әзірше алдын ала мінездеме.
«Біз құрылғыны тесттен өткіземіз. Толықтыруды қажет ететін функциялар бар. Мысалы: жұмыс уақытын екі-үш аптаға ұзарту керек. Құрылғының соңғы нұсқасын келесі жылдың көктемінде көрсетеміз», - дейді жоба авторы Янгчен.
Оның айтуынша 2019 жылы Қазақстанның оңтүстігіндегі Мыңжылқы мен Қызылорданың 50 фермасында сынақтан өткізбек. Келесі кезеңде бірнеше аудан қамтылады.