
Энергетика министрлігі биылғы егіс науқанына 401 мың тонна арзандатылған дизель отынын бөліп отыр.
Дизель отынын тиеп-жөнелту бойынша мұнай өңдеу зауыттарына облыстарды бекіту кестесі және бағасы айқындалды.
Операторлардың шығындарын ескере отырып, шаруалар үшін түпкілікті баға литріне 254 теңгені құрайды, бұл нарықтан 15%-ға арзан. Қазір нарықтық баға литріне 295 теңгені құрап отыр.
ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтың сөзінше, кестеге сәйкес ақпан-сәуір айларына дизель отынын жөнелту жоспарына сәйкес 94 мың тоннаға шарттар жасалды және төленді, 74 мың тоннасы шаруаларға жөнелтілді.
«Жалпы, егіс науқанына 139 мың трактор, 5,6 мың бірлік жоғары өнімді егіс кешені, 71 мың сепкіш, 141 мың ауыл шаруашылығы құрылымдарының топырақ өңдеу құралдары қатысады. Бүгінгі таңда өңірлердің ақпараты бойынша техниканың дайындығы шамамен 96%-ды құрайды, жаппай егіс жұмыстарының басталуына техника 100%-ға дайын болады», – деді ол.
Облыс әкімдіктерінің жедел деректері бойынша тұқым қажеттілігі 2,3 млн тоннаны құрайды, оның 1,6 млн тоннасына алдын ала сараптама жүргізілді, 846 мың тоннасы тексерілді. Оның 99%-ы кондициялық деп танылды. 2025 жылға облыстардың жергілікті бюджеттерінде тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялауға 12,8 млрд теңге қарастырылған.
Сондай-ақ вице-министр минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталып өтті.
Оның айтуынша, қазір тиісті келісімшарт жасау және тыңайтқыштарды жөнелту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 610 мың тоннаға келісімшарт жасалды, оның ішінде 350 мың тонна тыңайтқыш жөнелтілді.
«2025 жылға арналған тыңайтқыштарды субсидиялау мақсатында жергілікті бюджеттерде 35 млрд теңге қарастырылған, Үкімет резервінен қосымша 48,4 млрд теңге бөлінгенін айта кету керек. Қолайлы фитосанитариялық жағдайды қолдау үшін жергілікті бюджетте пестицидтердің, биоагенттердің құнын субсидиялау бағдарламасына 34,2 млрд теңге бөлінді», – деді Е.Тасжүреков.
Жалпы, көктемгі дала жұмыстарына дайындық мәселесі және оның барысын қадағалау, шаруалардың тұқым, тыңайтқыш, арзандатылған жанар-жағар маймен қамтамасыз етілу мәселесі жауапты ведомстволардың күнделікті бақылауында.