Серік Жұманғарин Вашингтонда халықаралық рейтингтік агенттіктермен кездесті
Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Вашингтонда әлемнің жетекші рейтингтік агенттіктері – S&P Global Ratings, Moody's және Fitch Ratings өкілдерімен келіссөздер жүргізді.
Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде елдің макроэкономикалық ахуалы мен несиелік рейтингке әсер ететін негізгі факторлар талқыланды. Негізгі назар конституциялық реформаларға, инфляция деңгейіне, халық табысының өзгерісіне және сыртқы экономикалық тұрақсыздық жағдайындағы өсім көздеріне аударылды.
Серік Жұманғариннің айтуынша, тұрақты экономикалық даму үшін табиғи ресурстардан бөлек, тиімді институттар мен болжамдылық аса маңызды. Ол жаңа Конституцияда білім, ғылым, инновация және адами капиталды дамыту басым бағыт ретінде айқындалғанын атап өтті.
Министрдің мәліметінше, 2025 жылы Қазақстан экономикасы 6,5%-ға өсті, ал биыл өсім 5–5,5% деңгейінде болады деп күтілуде. Бірінші тоқсанда мұнай секторындағы уақытша факторларды есептемегенде, өсім 3% шамасында қалыптасты.
Экономика құрылымында да өзгерістер байқалады: соңғы жылдары мұнай секторының үлесі азайып, өңдеу өнеркәсібі қарқынды дамып келеді. Сонымен қатар Үкімет экономиканы әртараптандыру мен цифрландыруға басымдық беріп отыр.
Кездесу барысында инфляцияны тежеу және экономикалық өсімді сақтау арасындағы тепе-теңдік мәселесі де қозғалды. Халықаралық агенттіктер бұл бағыттағы саясаттың күрделілігін атап өтіп, нақты табыстың өсуі негізгі көрсеткіштердің бірі екенін айтты.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелер де сөз болды. Министрдің айтуынша, елімізде минералды тыңайтқыш өндірісі ішкі сұраныстың шамамен 56%-ын қамтиды. Соңғы жылдары тыңайтқыш қолдану көлемі үш есеге жуық өсіп, 2024 жылы 1,8 млн тоннаға жеткен. Биыл бұл көрсеткішті 2,3 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр.
Жалпы, тараптар Қазақстан экономикасының тұрақты өсуін қамтамасыз ету, инфляцияны бақылау және инвестициялық тартымдылықты арттыру бағытындағы жұмысты жалғастыруға уағдаласты.





