Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, жаңа ереже интернет алаяқтықпен күресті күшейту мақсатында қабылданып отыр.
2024 жылдың қорытындысы бойынша қылмыстық кірістерді заңдастыру мақсатында 6200 дроп картаның қолданылғаны белгілі болды. Олар есірткі саудасы, кибер алаяқтық және заңсыз құмар ойындарында пайдаға асып, 24 млрд теңге айналымда жүрген. Ал тексеріс кезінде мұндай карта иелерінің 90%-і шетелдік азаматтар екені анықталған.
ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Бекжігіт Серікбай: «Дроптар – бұл банктік карталар мен шоттарды рәсімдеу үшін қолданатын жалған тұлғалар. Іс жүзінде дроптар деген халықтың осал топтарына жататын адамдар болды. Ол жұмыссыздар, студенттер, зейнеткерлер. Олар қылмыстық схемалардағы рөлдердің барлық салдарын түсінбейді. Мұндай карталардың иелерінің 90%-тен астамы резидент емес тұлғалар болған», – деді.
Сонымен қатар дропперлер туралы ақпарат шетелдік құқық қорғау органдарына жолданған. Заңсыз әрекеттерді түпкілікті жою үшін Қаржылық мониторинг агенттігінің бастамасымен күдікті шоттағы қаражаттарды тоқтату және қашықтан көрсетілетін банк қызметін өшіру механизмі іске қосылды. Сондай-ақ енді бұдан былай 10-нан астам банк картасы бар клиенттерге де тексеріс күшейтілмекші.