
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі Ұлттық жобаны іске асыруға арналған жобалық кеңсенің отырысын өткізді, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.
Отырыс барысында 2025 жылға арналған инвестициялық жоспар мен нарықтық қаржыландыруды тарту арқылы пилоттық жобаларды іске асыру тетіктері бойынша ұсыныстар қаралды. Қанат Бозымбаев ұйымдастырушылық іркілістердің алдын алу мақсатында пилоттық жобаларды іске асырып жатқан табиғи монополия субъектілері (ТМС) үшін нұсқаулық әзірлеуді тапсырды.
Негізгі шешімдердің қатарында вице-премьер табиғи монополия субъектілерінің электронды сатып алу платформасы мен EPC-мердігерлер мен жеткізушілерді іріктеу жүйесін жеделдетіп құруды және салалық мемлекеттік органдарға қажетті өнім көлемдерін айқындап, іріктеу кезеңінде барлық сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмайтын тетіктерді әзірлеуді тапсырды.
Сонымен қатар Қанат Бозымбаев тиімді коммуникацияны қамтамасыз ету мақсатында инвесторлар, мердігерлер, отандық өндірушілер мен ТМС үшін call-орталықты және Ұлттық жобаны түсіндіру үшін энергетика және коммуналдық секторларды жаңғыртудың ресми сайтын іске қосуды тапсырды.
Бұл бастаманың негізгі мақсаты – коммуналдық қызметтерді сенімді, заманауи және қолжетімді ету, ал оның жаңару барысын барлығына ашық және түсінікті болуы.