Теңіз кен орны бір апта ішінде толық қуатта жұмысын бастайды. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Мәжілісте өткен брифингте мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, Королевское кен орны іске қосылған, ал Теңіз кен орнындағы өндіріс жақын күндері толық қалпына келеді.
–Теңіз толық қуатта бір апта ішінде немесе одан да ерте іске қосылады, – деді ведомство басшысы.
Ерлан Ақкенженовтің сөзінше, Теңіз кен орнының толық тоқтауы барлық серіктес компаниялар үшін тәулігіне шамамен 40 млн доллар шығынға бағаланған.
Министр Chevron корпорациясы мен «Теңізшевройл» басшылығымен келіссөздер жүргізілгенін атап өтті. Компаниялар өндірілмеген 840 мың тонна мұнай көлемін өтеп, жылдық көрсеткіш бойынша шығынға жол бермейміз деп сендірген.





