
Компанияның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Уильям Лакобидің бұл салада 31 жылдық еңбек өтілі бар.
– Ол «Шеврон» компаниясының АҚШ, Ангола және Индонезиядағы бизнес бөлімшелерінде түрлі инженерлік-техникалық, басшылық қызметтерді атқарған. 2021 жылдан бері Оңтүстік Африкадағы стратегиялық бизнес бөлімшесінің басқарушы директоры болды. Бұл қызметінде Ангола мен Конго Республикасындағы «Шеврон» компаниясының активтеріне, оның ішінде Анголадағы сұйытылған табиғи газ өндірісінің ірі жобасына жетекшілік етіп, жергілікті қамту және кадрларды дамытуға, жергілікті халықтың әл-ауқатының артуына ықпал еткен басшы ретінде танылды, – деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Ал бұрынғы бас директор Кевин Лайон «Шеврон» компаниясының бас кеңсесіндегі жаңа басшылық қызметке тағайындалған. Оның басшылығымен ТШО Келешек кеңею жобасын жүзеге асырды.
– Күрделі сынақтар мен маңызды белестерге толы кезеңде ТШО-ның басшысы болу мен үшін зор мәртебе болды. ТШО ұжымы Қазақстан игілігіне қызмет етуін әрі қарай да жалғастырады деген нық сенімдемін. Бүгін қызметімді Уильям Лакобиге тапсырамын. Қазақстан үкіметіне, ТШО акционерлеріне, адал қызметкерлеріміз бен бизнес-серіктестерімізге және Атырау тұрғындарына жылдар бойы көрсетіп келе жатқан қолдауы мен ынтымақтастығы үшін шын жүректен алғысымды білдіремін, – деді Кевин Лайон.
ТШО-ның бас директоры қызметіне кіріскен Уильям Лакобидің пікірінше, Теңіз кен орны техникалық тұрғыдан дүние жүзіндегі ең күрделі кен орындарының бірі болып қала береді.
– Компанияның басты бағыты – кен орнында қауіпсіз әрі сенімді өндірісті қамтамасыз ету. Қазақстан экономикасының өркендеуіне ықпалдасу бағытында Қазақстан Үкіметімен, акционерлерімізбен, сонымен бірге өзіміз тұрып, қызмет етіп отырған өңірдің тұрғындарымен өзара серіктестігімізді одан әрі нығайту мүмкіндігін жалғастырамыз, – деді Уильям Лакоби.
Еске сала кетелік, бұған дейін Қазақстан мен ExxonMobil мұнай-газ жобалары бойынша өзара іс-қимылды күшейтетіні хабарланған болатын.