Өткен аптаның басында АҚШ Президенті TikTok-қа тыйым салу туралы заңға қол қойды. Енді TikTok –тың иесі ByteDance оны 9 ай ішінде сатуы керек. Болмаса App Store мен Google Play қолданбаны АҚШ аумағында қолдануды шектеуі тиіс.
Бұған дейін заң жобасын мақұлдаған Конгрестің 352 мүшесі заң жобасын қолдап, 65 қарсы болған. Ал Сенаттың 79 өкілі қолдап, 18-і қарсы болды. Ал Байден заң жобасына қатысты көзқарасы Конргестегі талқылау кезінде-ақ белгілі болған.
АҚШ-та TikTok-ты 170 млн адам қолданады, сондықтан компания да, Қытай Үкіметі де тиымға қарсы. Заң жобасын Сенат мақұлдаған күні Қытайдың Сыртқы істер министрлігінің өкілі дәстүрлі баспасөз мәслихатында TikTok-қа қатысты пікір білдірмеді, тек өзінің Сауда министрлігіндегі әріптесі бұған дейін Қытайдың «принципті ұстанымын» айтқанын, оған сәйкес Америка «нарықтық экономика және әділ бәсекелестік шеңберінде басқа елдердің кәсіпорындарын орынсыз басып-жаншуын тоқтатуы керек», деді. Сондай-ақ, өкіл Хэ Ядун наурызда «Қытай заңды құқықтары мен мүдделерін қатты қорғау үшін барлық қажетті шараларды қолданатынын», айтқан.
БАҚ-ның жазуынша TikTok-тың қытайлық иесі ByteDance-тің сот арқылы заңға тыйым салуға қарсы шығу мүмкіндігі әлі де бар. Ал компания бұл мүмкіндікті барынша пайдалануға тырысатын сияқты. Мұны TikTok бас директоры Шоу Зи Чжу да мақұлдап отыр.
«Біз ешқайда кетпейміз», — деді TikTok бас директоры Шоу Зи Чжу Байден заңға қол қойғаннан кейін – «Фактілер мен Конституция біз жағында және біз тағы да жеңіске жетеміз деп күтеміз», — деді Чжу сәрсенбі күні жарияланған видеода. Сондықтан жақын күндері сот процессі басталуы мүмкін.
CNBC сілтеме жасаған лобби туралы есептерге сәйкес TikTok және оның қытайлық иесі ByteDance биылғы жылы заң жобасының қабылдануын болдырмау мақсатында ішкі лоббистерге және цифрлық жарнамалық науқандарға 7 миллионнан астам доллар жұмсаған.
Тағы бірнеше миллион доллар жұмсалатын сот іс-қимылдары сәтсіз аяқталып, заң жобасы күшінде қалса, Reuters-тің жазуынша ByteDance TikTok-ты сатудан гөрі жабуды жөн көреді.
"170 миллион америкалық пайдаланушысы бар қосымшада ByteDance сатқысы келмейтін алгоритмдері бар", дейді Reuters агенттігіне кеңес берген дереккөздер. Сондықтан қосымшаны мұндай алгоритмдерімен сату мүмкін емес. Мұны ByteDance те The Information басылымының хабарламасынан кейін ашық мәлімдеген болатын.
Бір қызығы Заң АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің Қытайға сапары кезінде қабылданды. Алайда Блинкен Қытайдың сыртқы істер министрі Ван Имен кездесуі кезінде TikTok мәселесі талқыланып-талқыланбағаны белгісіз. Ол туралы ешбір БАҚ жазбады.
Айта кетейік, Байден заңға қол қоярдан 2 күн бұрын TikTok-ты бұғаттау мәселесі Қазақстанда да сөз болды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Tik Tok-тың бұғаттау туралы ұсыныстарға пікір білдірді.
«Бұғатталғанда, біз көрші елдердің тәжірибесін қарап отырмыз. Қазіргі таңда әлеуметтік желідегі материалдарда құқық бұзу фактілері өте көбейіп кетті. Оны өздеріңіз де көріп отырсыздар. Оның бәрі ұлттық қауіпсіздігімізге ықпал етсе, әлбетте, осындай шараларды қабылдауға тура келеді. Бұл шешілген дүние емес. Әлі қарастырылып, одан кейін жалпы талқылауға шығарылатын мәселе», - деді министр Мәжілістің жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілінің сауалына берген жауабында.
Артынша бұқаралық ақпарат құралдарында TikTok өкілінің мәлімдемесі тарады.
«Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің елде TikTok-ты бұғаттау мүмкіндігін қарастырып жатқанына қатты таңқалдық. Өйткені министрлік біздің Қазақстандағы Наурыз онлайн-фестивалі және шығармашылық қысқа бейнефильмдер байқауы сияқты көптеген бастамамызды белсенді түрде қолдап келді. Мәселен, өткен жұмада Алматыдағы іс-шарамызда министрліктің өкілі сөз сөйлеп, TikTok-ты мәдениет пен басқа да пайдалы контентті насихаттауға көмектесетін платформа ретінде жоғары бағалады»,– дейді еш жерде аты-жөні жазылмаған компания өкілі.
Былтыр күзде Digital Bridge Форумына келген TikTok-тың бас директоры Шоу Цзы Чу Қазақстан Президентінің қабылдауында болған кезде "қосымшаға 10 млн қазақстандық тіркелген", деді. ByteDance-тің 2024 жылдың басындағы жарнамалық ақпараттарындағы мәлімет бойынша Қазақстанда 14,1 млн TikTok аккаунт тіркелген. Бұл статистика Қазақстандағы капитализациясы ең ірі компанияларда ғана бар. Сондықтан TikTok Қазақстанда бұғаттамау үшін АҚШ-тан кем емес әрекет жасары анық.