2025 жылы Тимур Құлыбаев Қазақстанның мемлекеттік бюджетіне ең көп қаражат аударған үшінші ірі донор атанды.
Бұл туралы «Нефть и газ Казахстана» телеграм-арнасы хабарлады. Мәліметке сәйкес, ол төлем көлемі бойынша мұнай-газ саласының алпауыттары – Теңізшевройл және Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг компанияларынан кейін тұр.
АЛМЭКС холдингтік тобы арқылы жасалған төлем «салықтық емес түсімдер» бабы бойынша жүзеге асқан. Energy Monitor дерегінше, оның көлемі шамамен 750 млн долларды (360 млрд теңгеге жуық) құраған.
Құлыбаевтың айналасындағылар бұл қаражатты Мемлекет басшысының ірі бизнес өкілдерін әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмылдыру жөніндегі үндеуіне жауап ретінде жасалған ерікті жарна деп түсіндіреді. Олардың айтуынша, қаражат әлеуметтік жобаларды қаржыландыру үшін тікелей бюджетке бағытталған.
Сонымен қатар сарапшылар арасында бұл төлемді активтерді қайтару үдерісімен байланыстыратын пікірлер де бар. Бұған дейін Bloomberg мемлекетке шамамен 1 млрд доллар төлеу жөнінде жабық келіссөздер жүргенін хабарлаған.
Алайда Құлыбаевтың өкілдері мұндай болжамдарды жоққа шығарып, төлемді «ерікті жарна» деп атады.
Айта кетейік, 2024 жылдың қарашасында Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жанындағы Активтерді қайтару комитеті Тимур Құлыбаевқа қатысты сотқа талап-арыз берген. Істің мән-жайы жария етілмеген.
Осы төлем нәтижесінде «АЛМЭКС» холдингі Қазақстандағы ең ірі төлеушілердің алғашқы үштігіне енді.





